Енді бір аптадан кейін семсерлесу спортының серкелері Астана қаласында бас қосады. Әлемнің 96 елінен келетін 600-ден аса үміткер үш күн бойы Қазақстан жеңіл атлетика спорт кешенінде әлем кубогі жолындағы жарыста сынға түседі. Бұл халықаралық федерацияның күнтізбесіне кіретін беделді жарыстардың бірі. Яғни кіл мықтылардың басын қосатын айтулы турнир. Мұндай жарыстар жыл сайын Франция мен Швейцария және Германия мен Сауд Арабиясында ұйымдастырылып тұрады. Қазақстан әлем кубогын бірінші рет қабылдағалы отыр. Әрине халықаралық ұйым әлем кубогын Қазақ еліне бекерден бекер бере салған жоқ. Қазіргі таңда біздің семсершілермен әлем мықтылары санасады. Өйткені қыз-жігіттеріміз дүниежүзілік жарыстарда мықтыларымен үзеңгі қағыстырып жүр. Астанада өтетін байрақты бәсекеде ел намысын Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов пен Вадим Шарлаимов секілді тәжірибелі спортшылармен қатар жастар да қорғайды. Жарыс қожайыны ретінде Қазақ елі бұл сынға 30-ға жуық спортшы қоса алады. Әлем кубогі 26 наурызда басталып, 29-ына дейін созылады.
Көкпардан әлем финалы: қазақ-өзбек тартысы өтеді
Әлем біріншілігінің финалында қазақ-өзбек тартысын көреміз. Бас жүлденің кімге бұйыратынын көпшілік күн ерте болжап қойған. Сондықтан сенсация болады дегенге сену қиын. Бокс болса бір сәрі. Ал көкпарда қазақ жігіттеріне дәл қазіргі таңда өзбектердің шамасы жете қоймайды. Дегенмен бүгін жартылай финалда ала шапанды ағайындар тамаша нәтиже көрсетіп, іріктеуден іркілмей өткен Ауғанстан құрамасын сан соқтырды. Есеп 4:2. Ал Нұрдәулет Момынов баптайтын Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ресейді 6:4 есебімен жеңді.
Жандос Айтбай