Дәл осы күндері Филиппин елінің Тагайтай қаласында велотректен Азия біріншілігі өтіп жатыр. Осы жарыста Қазақстан қыздар құрамасы із қуу жарысында алтыннан алқа тақты. Ел намысын Аружан Қабдолова мен Әнел Ташбай және Әлия Бұқаева мен Виталина Хоружая қорғаған болатын.
Қазақ боксшылары Моңғолияны бетке алды. Наурыздың 30-ы мен сәуірдің 10-ы аралығында осы елдің астанасы Ұланбатыр қаласында Азия біріншілігі өтеді. Құрлық жарысы алғаш рет World Boxing туы астында ұйымдастырылады.
Ел намысын 20 үміткер қорғайды десек, жігіттер жанкүйерлерге жақсы таныс. Яғни жаңа есімдер жоқ. Кіл мықтылар бара жатыр. Ағайынды Сабырхандар мен Оралбайлар және Санжар Тәшкенбай мен Оразбек Асылқұлов, Ертуған Зейнуллинов пен Сабыржан Аққалықов сондай-ақ Ерасыл Жақпеков пен Сағындық Тоғамбайларға сенім артылды. Ерлер құрамасын Азия чемпионатына бірінші рет Нұржан Насанов бапкер апара жатыр. Ал қыздар құрамасын баптайтын Елдос Сайдалин көбіне жастарға мүмкіндік беріпті. Тәжірибелі спортшылар күз айында болатын Азия ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізеді.