Моңғолияда бокстан Азия чемпионаты басталды. Спорт жаңалықтары

  • 7
  • 30.03.2026, 21:47

Семсерлесуден әлемдік сайыс

Семсерлесу спортының серкелері Астанада әлем кубогі жолындағы жарыста сынға түсті. Үш күнге созылған байрақты бәсекеге 46 елден 500-ге жуық үміткер қатысқан болатын.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға атағы алысқа кеткен кіл мықтылар да келді. Қазақстанда осы бір спорт түрінің даму қарқыны жоғары екенін спортшыларымыз тағы бір мәрте паш етті. Жекелей сында Руслан Құрбанов күміс жүлдеге қол жеткізсе, Қазақстан ерлер құрамасы үздік төрттіктен көрінді. Австралия мен АҚШ және Польша құрамаларын жолда қалдырған жерлестеріміз жартылай финалда 9 дүркін олимпиада чемпионы француздарға есе жіберіп қойды. Ал қола медаль үшін болған сайыста Эльмир Әлімжанов пен Никита Жульинский және Вадим Шарлаимов пен Александр Федотовтар Азия құрлығының мықтысы жапондарға 42-де 44 есебімен ұтылып қалды. Енді жігіттер Азия ойындарында күн шығыс елінен есе қайтарады деген ойдамыз. 

Азия біріншілігі басталды

Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында бокстан Азия чемпионаты басталды. Жарыс шымылдығын бұрымдылар түрген болатын. Өкінішке қарай жарыстың басы біздер үшін қатты болды. Шаршы алаңға шыққан 51 келідегі Жазира Орақбаева мен 54 келіде Элина Базарова да жеңіліс тапты. Элина үндістандық әлем кубогының жеңімпазы Притиге есе жіберсе, Жазира жарақатына байланысты жекпе-жекті аяғына дейін жеткізе алмады. Ал жігіттер құрлық біріншілігін бірінші сәуірден бастайды. Жеребе тартылды, қарсыластар белгілі. Насанов шәкірттері: «Намысқа тырысып, командалық сайыста топ жарамыз», - деп отыр. Кейбір спортшылар бірден жүлдегелер қатарына кірді. Атап айтсақ, Нұрбек Оралбай жарысты бірден жартылай финалдан бастаса, қыздар арасында да Бақыт Сейдіш пен Надежда Рябец және Дина Исламбековалар жартылай финалда отыр. 

Жайықта каратэшілер жарысы өтті

Орал қаласында шинкиокушинкай каратэден жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан біріншілігі өтті. Еліміздің  түкпір-түкпірінен келген  550-ден астам спортшы екі күн бойы татами төрінде сынға түсіп, жарыс қорытындысы жалпыкомандалық есепте Астана қаласы бірінші орынды иеленсе, Абай облысы екінші, маңғыстаулықтар үштікті түйіндеді.  Төрттіктен көрінген Орал өңірінде каратэ қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің қатарында. Тек соңғы 7 жылда облыстан 7 әлем чемпионы, 30 Азия және 10 Еуропа чемпионы  шыққан екен.

Әлібек Қадырбеков, БҚО каратэ-до Киокушинкай федерациясының президенті:

 - Біздің Батыс Қазақстан облысының киокушинкай каратэсінде 1800 бала қатысады. Біз республика деңгейінде өте жоғарғы нәтиже көрсетіп отырмыз. Сондықтан бізге осы чемпионатты Қазақстанды өткізуге бұйырып тұр.

Батырхан Амангелдиев, жарыс жеңімпазы:

- Мен каратэден 10 жылдан астам қатысып келем. Бүгінгі жарыс бойынша айтсам, финалда Орал қаласының спортшысы мықты болды. Жарыстың ұйымдастырушыларына, жаттықтырушыма, бәріне рақмет айтамын. Каратэ спорты – тек спорт емес, тәртіп. Баланы  қатты, мықты болуға үйретеді.

Велоспортшылар олжалы болды

Велотректен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Оның екеуі күміс, біреуі қола.

Қыздар арасында Рината Сұлтанова үздік үштіктен көрінсе, ерлерден Әлішер Жұмақанов топтық жарыста екінші орынға табан тіреді. Одан бөлек, Элит санатындағы 50 шақырымдық мэдисон жарысында Рамис Дінмұхамедов пен Илья Карабутов мәре сызығын екінші болып кесті. Қоржындарында 82 ұпай бар. Бұл сында Жапония 104 ұпаймен топ жарса, Қытай 65 ұпаймен қолаға қол созды.

Азия чемпионаты 31 наурызға дейін жалғасады. Сары құрлық бәсекесі Филиппинде өтіп жатыр.

Жандос Айтбай