Ушу-Саньдадан қазақ өрендері Қытайдан олжалы оралды. Спорт жаңалықтары

  • 8
  • 31.03.2026, 22:00

Осы елдің Тяньцзин қаласында өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 3 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлде иеленіп жалпы командалық есепте 11-ші сатыдан көрінді. Дүниежүзілік додаға 78 елден  мыңнан аса спортшы қатысқанын ескерсек, қазақ жастарының жетістігі мақтауға тұрарлық. «Жалпы ушу-саньда спортынан бұл Қазақстан құрамасы үшін тарихи жетістік», - дейді мамандар. 48 келі салмақта Ильдар Әмирдинов пен Сухраб Адилов және Богдан Неумывакиндер қарсылас шыдатпай жеңіс тұғырынан көрінсе, Әлімжан Мұхаметов пен Айару Мұхаметовалардың жүлдесі де алтынға бергісіз. Жеңімпаздарды Алматы әуежайынан туған-туыстары мен жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды.

Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир басталды

Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан дәстүрлі халықаралық турнир басталды. Жастар арасындағы жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан және еліміздің барлық аймағынан 250 былғары қолғап шебері қатысуда. Биыл ұлдар 10, қыздар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, үздіктер анықталады. Турнирдің ашылу салтанатына Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, бапкерлер мен Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова қатысып, үміткерлерге  сәттілік тіледі. Ал бокстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Сәрсекбаев турнирге арнайы келіп жастардың аяқ алысын байқап көрмек. «Көзге түскендерін жастар құрамасына шақыру жоспарда бар», - дейді. Турнир жеңімпаздары 4 сәуірде белгілі болады.