Елде инклюзивті спортты дамытуға басымдық беріледі

  • 8
  • 31.03.2026, 21:48

Бүгін Сенат депутаттары салалық ұйымдардың сарапшыларымен бірлесіп, мүгедектігі бар балалар мен ересектерді оңалту мәселелерін талқылады. Олар өңірлерде инклюзивті спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне, саладағы білікті кадрлардың тапшылығына және бірыңғай жұмыс әдістемелерінің жоқтығына назар аударды. Сенат төрағасы жаңа Конституциядағы адам құқықтары мен бостандығы ең жоғары басымдыққа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам қалыптастыруға және әрбір азаматқа өз әлеуетін толық іске асыруына қажетті жағдай жасауға мән беріп отырғанын жеткізді. Бүгінде елімізде аталмыш салаға бейімделген 16 клуб пен 2 мамандандырылған спорт мектебі бар. Онда 8 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар спортшы жаттығады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-15 наурызда Қазақстан халқы болып Президентіміз ұсынған еліміздің басты заңы Конституцияны қолдады. Жалпы ондағы ең негізгі басымдық ол адамдардың құқықтарын қорғау, мүдделерін қамту. Осы тұрғыдан жалпы мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау, қолдау, жаңа белестерге мүмкіндік ашып беру мемлекет алдында тұрған ең негізгі мақсат. Бұл Конституциядан туындайтын мақсат-мұраттар. Осы бағытта барлығымыз әрі қарай да бірігіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз.