Дәл осы күндері бокс жанкүйерлерінің назары Моңғолияда. Ұланбатыр қаласында Азия біріншілігі өтіп жатыр. «Бұл жарысқа тек қазақ, өзбек емес өзге елдің былғары қолғап шеберлері де жоғарғы дайындықпен келіпті. Сондықтан да әрбір жекпе-жек тартысқа толы»- дейді осы елде жүрген тілшіміз Жандос Айтбайұлы.
Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында бокстан Азия чемпионаты өтіп жатыр. World Boxing ұйымдастырып отырған алғашқы құрлық біріншілігіне біздің де жолымыз түсті.
Жарыста ерлер мен әйелдер 20 салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Іріктеу кезеңі аяқталып, бүгін ширек финалдық жекпе-жектер басталып кетті. Қыздар құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин бұл сынға көбіне жастар мен екінші нөмірлі спортшыларды әкелген болатын. 51 келіде Жазира Орақбаева мен 54 те Илина Базарова және 60 келіде Рима Волосенко жарысты ерте аяқтады. Ал жігіттердің қарқыны жаман емес. Оразбек Асылқұлов пен Ертуған Зейнуллиновтер ширек финалға жолдама алса, бүгін Төрехан Сабырхан жартылай финалға шықты. Төрехан тәжік боксшысымен жұдырықтасты. Алғашқы кездесуі болғандықтан қарсыласы біраз қиындық тудырғаны анық. Дегенмен шеберлігінің арқасында айласын асырып жүлденің ауылына қарай қадам басты.
Төрехан Сабырхан, Қазақстан құрамасының мүшесі:
-Тәжік боксшысы Қазақстанда елорда кубогы өткен кезде келіп, чемпион болған боксшы. Осал емес. Рейтингі жоғары, мығым боксшы. Басында ыңғайсыз болды, содан кейін Нұржан, Ілияс, Асқар ағалардың арқасында кілтін тауып алдық. Солай керемет бокстасып шықтық.
Төреханның келесі қарсыласы да осал емес. Бүгін шаршы алаң иесін ұтқан қытай Ванг Печинг. Жартылай финал 6 сәуірге жоспарланған. Кешкі жарыс кестесінде Сабырхандардың үлкені Махмұд шаршы алаңға көтерілді. Қарсыласы өзбек Шахзод Мұзафаров. Үйреніскен жау атыспаққа жақсы демекші, осыған дейін өзара үш рет жолыққан жігіттер бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін. Сондықтан аңдысып жатпай бірден айқаса көшті. Махмұдттан үш рет ұтылған өзбек боксшысы төрттінші кездесуге тыңғылықты дайындалыпты. Бірінші раундта басым түскенімен, қалған екі раундта Махмұд өзінің мықтылығын мойындатты.
Махмұд Сабырхан, Қазақстан құрамасының мүшесі:
-3-ші раундты аяғына дейін жеткізіп, 4:1 есебімен жеңіп шықтым. Ертеңгі қарсылас Моңғол боксшысы болуы мүмкін. Оған тыңғылықты дайындаламыз. Моңғол боксшысымен бұған дейін елорда кубогінде кездескен болатынмын, 1 рет жеңгем.
Осылайша жұма күні ағайынды Сабырхандардың екеуі де жартылай финалға жолдама алды. Ертең шаршы алаңға бес боксшымыз шығады. Былғары қолғап шеберлеріне тек қана сәттілік серік болсын дейміз.
Жандос Айтбайұлы