Ұланбатырда қазақ боксшылары алтын үшін таласады

  • 8
  • 08.04.2026, 21:58

Ертең Моңғолия астанасы Ұланбатырда бокстан Азия чемпионатының финалдық айқастары басталады Алдымен шаршы алаңға бұрымдылар шығады. Елдос Сайдалин баптайтын ұлттық құрама сапынан үш боксшымыз алтын медаль үшін таласады. 70 келіде Бақыт Сейдіш пен ең ауыр салмақта Дина Исламбекованың қарсыласы үнді боксшылары. Ал 80 келіде Надежда Рябец өзбек Рухшона Парпиевамен қолғап түйістіреді. Жұма күні жігіттердің жолын тосамыз. Бес бірдей боксшымыз Азия чемпионы атану үшін ақырғы күштерін сарқиды. Барлық жекпе-жектің теке-тіреспен өтетіні түсінікті. Өйткені финалда кіл мықтылар. Жанкүйерлер ең ауыр салмақтағы қос қазақтың кездесуін тағатсыздана тосып отырғаны анық. Айбек Оралбай қытайлық қандасымыз Данабек Байқоныспен Азияның алтынын сарапқа салады. Жалпы осы салмақта құрлық додасында 4 қазақ боксшысы шаршы алаңға шықты. Өзбекстандық Арман Маханов мен Моңғолия қазағы Бекнұр Қали жүлделі орынға іліне алмады. Сондай-ақ құрлық додасының финалында қазақ-өзбек арасындағы тартысты кездесулер бар. 75 келі салмақта қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан Сабыржан Аққалықов, Жавохир Абдурахимовпен кездессе, 85 келіде Нұрбек Оралбай, Жасурбек Юлдошевпен айқасқа түседі.

Мерей Ақшалов, ҚР Бокс федерациясының бас хатшысы:

-Соңғы Олимпиада ойындарын алсақ, 2024 жылғы Париж Олимпиадасы. Ол кезде 7 ұл, 6 қыз болды. 13 салмақ. Сол 13 салмақтың тоғызын Азия құрлығының боксшылары жеңіп алды алтынды. Сондықтан Азия дамып жатыр, өте қиыннан қиынға түсіп жатыр. Биылға бұл маңызды жарыстардың бірі. Бірақ бізде 2026 жылдың ең маңызды жарысы ол - жыл соңында күзде өтетін Азия ойындары.