Бұрымды боксшылар биіктен көрінді

  • 7
  • 09.04.2026, 21:59

Бокс жанкүйерлерінің назары бүгін Моңғолияда болды. Бұрымдылар 10 салмақ бойынша бас жүлдені өзара сарапқа салып, Қазақстан әйелдер құрамасы екінші орыннан көрінді.

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында бокстан қыздар арасындағы Азия біріншілігі аяқталды. Қазақстан қыздар құрамасы 3 салмақта финалда өнер көрсеткен болатын. Бұйырғаны екі алтын бір күміс және екі қола медаль. Елдос Сайдалин шәкірттерінің нәтижесіне көңілі толатынын айтты. Айтуынша, бұл жарысқа барлық мықтылар келген жоқ. Бапкерлер ақылдаса келе аралас құрамды әкелді. Кейбір салмақта жастарға да мүмкіндік берілді. Сол мүмкіндікті Бақыт Сейдіш тиімді пайдаланды десек болады. Өткен жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған Бақыт ересектер додасына енді ғана қатысып отыр. Финалда сәл тәжірибенің жоқтығы байқалды. Әйтпесе, бірінші раундтан кейін алда тұрған. Дегенмен, ең бастысы бойында намысы мен жігер, мінезі бар. Осы қарқынын жоғалтпаса Бақыттың биікті бағындыратын күндері алда деп білеміз. 

Одан кейін шаршы алаңға 80 келі салмақтағы бұрымдылар көтерілді. Надежда Рябец өзбек Рухшона Партиевамен қолғап түйістірді. Көршілес елдің алтын алатын соңғы үміті осы Рухшона болатын. Алайда Надежда қазақ жанкүйерлерінің үмітін ақтап жеңіс тұғырына көтерілді. Жарыс күнін ең ауыр салмақтағы спортшылар түйіндеді. Дина Исламбекованың қарсыласы үнді боксшысы болатын. Осы құрлық додасына Үндістан әйелдер құрамасы керемет дайындықпен келіпті. Олар барлық салмақта жүлде алды. Альфия Пазанның да алтын медальдан дәмесі болған. Алайда біздің Дина Исламбековадан айласын асыра алмады.

Енді былғары қолғап шеберлерін күзде Азия ойындары тосып тұр. Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Ертең жұма күні жігіттер шаршы алаңға көтеріледі. Бес салмақта біздің жігіттер бас жүлде үшін айқасатын болады. Барлық боксшыларымызға сәттілік серік болсын.

Жандос Айтбайұлы