Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионаты мәреге жетті. Жарыстың соңғы күні жігіттеріміз 4 алтын медаль иеленіп, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орыннан көрінді.
Осылайша екі аптаға созылған дүбірлі дода мәресіне жетті. Азия құрлығында әуесқой бокстың шоқтығы биік екенін соңғы Олимпиада ойындары көрсеткен. Моңғолия жерінде өткен құрлық біріншілігінің де бәсі жоғары болды. Әр салмақта тек нағыз бабында келген мықтылар ғана топ жарды.
Бокс десе елең ете қалатынымыз рас. Өйткені еліміз егемендігін алғалы қандай байрақты бәсеке болмасын былғары қолғап шеберлерінің қоржыны бос қайтқан емес. Осы жолы да ұл-қыздарымыздан үміт күттік. Әсіресе жігіттерге сенім артылды. Өйткені құрама сапында Әлем және Олимпиада ойындарында олжа салып жүрген кіл мықтылар барған болатын. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейбір салмақта сенім артқан жігіттер сүрініп, кейбірі жеңісті қолдан беріп жатты. Дегенмен негізгі жоспар орындалып жалпы командалық есепте топ жардық.
Финалдық жекпе-жектерге жеке тоқталып өтсек, алдымен 60 келіде Оразбек Асылқұлов шаршы алаңға көтерілді. Қарсыласы үнді боксшысы болатын. Үндістердің үлкен дайындықпен келгенін күнде айтып жүрміз. Бірінші раунд Сачиннің еншісіне кеткенде секем алдық. Алайда үзілісте бапкерлер ақылына құлақ асқан Оразбек ойын да тактикасында өзгертіп тізгінді қолына алды. Шешуші раундта да ширақ қимылдап жеңіске жетті. Былтыр әлемді мойындатқан Асылқұлов енді міне Азияның алтынына қол жеткізді.
Былтыр Ағылшын жерінде өткен дүнижүзілік жарыста Сабырхандардың асығы алшысынан түсіп алтын алған. Бұл жолы екеуіне де бас жүлде бұйырмады. Әркім әртүрлі айтады. Бірақ босаңсуға болмайтынын Махмұд та Төреханда түсінді деп ойлаймыз. Төрехан иорданиялық боксшыға есе жіберіп күмісті қанағат тұтты. 75 келіде Сабыржан Аққалықов қарсыластарының бірін атойлап жүріп ұтты. Финалда өзбек Жавохир Адурахимовке еш мүмкіндік қалдырмады. Сабыржан әр жекпе-жек алдында бапкері жігерлендіріп тұрады екен.
Бұл жолы ағайынды Оралбайлар олжалы болды. Олимпиада ойындарынан кейін сылбырлық танытқан Нұрбекте сынға ұшырағандардың бірі. Азия чемпионатына бабында келіпті. Рас, жеребе де жолдас болып жарысты жартылай финалдан бастады. Екі жекпе-жек өткізіп екеуінде де сенімді түрде жеңіске жетті.
Ең ауыр алмақта Азияның алтынын қос қазақ сарапқа салды. Яғни финалда Айбек Оралбай мен қытай қазағы Данабек Байкенженің жолы түйісті. Екеуі де бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін. Сондықтан аңдысып жатпай бірден айқасқа көшті. Тәжірибелі Айбек асықпай жүріп-ақ барлық жоспарын жүзеге асырды. Нәтижесінде үш дүркін Азия чемпионы атанды.
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия біріншілігі тарих қойнауына жол тартты. Енді спортшылар күз айында өтетін Азия ойындарына дайындық жұмыстарын бастайды.
Жандос Айтбайұлы