Түркістанда Ә. Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды

  • 7
  • 15.04.2026, 21:42

Түркістанда бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Ересектер арасында осымен 32-ші рет өткізіліп отырған жарысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Кувейт, Қырғызстан және еліміздің барлық өңірінен 150-ге жуық былғары қолғап шебері келіпті. Былғары қолғап шеберлері 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Турнирдің ашылу рәсіміне Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бапкердің жары Күлпаш Ғалымжанқызы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. 65 келіде өнер көрсеткен тәжікстандық Мусат Мирзоев пен түркістандық Эльдар Амангелді  арасындағы тартысты өткен жекпе-жекте жерлесіміз жеңісті жұлып алды.  

Эльдар Амангелді, жарысқа қатысушы, Түркістан облысы:

- Өте ыңғайсыз қарсылас екен. Бірінші жекпе-жек болғанан кейін майысып-майысып кішкене қиындау болды. Шлемсіз болғанан кейін қиын болды. Құдай қаласа, келесі жекпе-жектерде жақсы өнер көрсетемін деп сенемін өзіме. Бұл жарыстағы мақсатым – чемпион болып қайту.

Қайрат Ералиев, бокстан әлем чемпионы:

- Жыл сайын өтетін халықаралық жарысымыз жақсы деңгейде өтуіне атсалысып жатырмыз. Ересектер арасында елімізде 4-5 турнир бар. Сол турнирлерде боксшыларымыз өздерінің тәжірибесін шыңдап, алдағы күз айында болатын Қазақстан чемпионатына дайындық болады.