Дәл осы күндері қытайдың Ордос қаласында дзюдодан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні жерлестерімізге жүлде бұйырмады. Шерзод Давлатов пен Аман Бақытжан және Нұрқанат Серікбаевтар қола жүлде үшін күресіп, ұтылып қалды.
Таеквондошылар тамаша нәтиже көрсетті
Таеквондошыларға тіл тимесін дейміз. Мұстафа Өзтүрік әкелген осы бір спорт түрінің даму қарқыны жақсы. Ересектер ғана емес, жастарымыздың да аяқ алысы көңіл қуантады.
Дәл осы күндері Өзбекстан астанасында жастар дүниежүзілік жарыс өтіп жатыр. Әлем біріншілігінің алғашқы күні қоржынымызға қос қола түскен еді. Ерасыл Ергеш пен Ислам Медетбай үздік үштіктен көрінсе, кеше Айым Серікбаева әлем чемпионы атанды. Иә, қазақ елінің жастары сары алтынды соңғы рет 2006-шы алған екен. Жалғас Бекқасымовтың жеңісті жолын араға 20 жыл салып Айым жалғастырып отыр.
Айым Серікбаева, әлем чемпионы:
- Бүгін қазақ жастары қоржынымызға тағы бір қола салды. Бұл жолы Алидар Абдукримовтың қанжығасы майланды. Ол 68 келі салмақта іріктеуден іркілмей өтіп, тек жартылай финалда қарсыласына жол беріп қойды. Әлем чемпионаты ертең аяқталады.
Күштің ізі – рухтың жаңғырығы
Түркістанда «Балуан тас сапары» бойынша баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, экспедицияның жұмыс қорытындысы таныстырылды.
Естеріңізге салайық, наурыздың 18-і мен 21 аралығында «Қазақ күшінің картасы» атты ірі ғылыми-мәдени жоба қолға алынған болатын. Жоба аясында өңірдегі тарихи нысандар зерттеліп, «Қазақ күшінің картасына» 2 символдық және 13 заттық Балуан тас енгізіліпті. Шара барысында қазақтың дәстүрлі «Балуан тас көтеру» рәсімі 80 жылдан кейін қайта жаңғырып, Наурыз мерекесінде палуан Арман Сүлеймен 200 келі тартатын тасты көтерген. «Сайрамнан Сауранға дейін созылған сапар әрбір нысанның астарында тұтас тарих жатқанын аңғартты», -дейді мамандар. Енді экспедиция бағыттары Қостанай мен Маңғыстау және Абай облыстарына жоспарланған. Мамандар: «Бұл жоба ұлттық спорттық мұраны жаңғыртып қана қоймай, туризмді дамытуға да серпін береді», - деп отыр.
Жандос Айтбай