Елордада желаяқтар 150 шақырымдық марафонға аттанды

  • 6
  • 30.04.2026, 21:44

Елордадан Щучинск қаласына бағыт алған дәстүрлі марафон биыл Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналып отыр. Ширек ғасырдан бері үзілмей келе жатқан бұл дода аға буын мен жасөспірімдердің басын қосып, өскелең ұрпақты табандылық пен салауаттылыққа баулиды. Үш күнге созылатын айтулы шара барысында қатысушылардың қауіпсіздігін жол сақшылары мен медицина мамандары жіті қадағалайды. Бұл шараға кімдер қатысып жатыр? Олардың дайындығы қандай? 

Бұл марафон сонау 1998 жылы бастау алып, биыл жаңа қарқынмен жаңғырмақ. Елордадан аттанған жиырма бес желаяқ екі күнде 150-ден аса шақырымды бағындыруды көздеп отыр. Олардың қатарында бірнеше жылдан бері алыс қашықтықты еңсеріп жүрген жасөспірім Әмір де бар.

Әмір Бақтанов, 8-сынып оқушысы:

- Жүгіру деген ол жақсы. Біз бәріміз достармен уақытты өткіземіз. Спортпен айналысамыз. Үйде отырмаймыз. Бүгін және ертең 80 шақырым жүгіреміз. 80 шақырым көп емес біздерге. Сол үшін 6 ай жүгірдік. 

Ұйымдастырушының айтуынша, бұл балалар үшін нағыз төзімділік мектебі. Суық далада түнеп, ашық аспан астында от жағып, ас пісіріп, күні бойы ұзақ шақырымдарды бағындыру өскелең ұрпақты майдан даласындағы сарбаздардың қаһармандық рухымен сусындатады. Мұндай қиындыққа толы сапар жас буынның мінезін шыңдап, тарихи танымды тереңдетпек.

Тұрсынбек Оспанбеков, ұйымдастырушы:

- Марафонға қатысуға ниет білдірген 38 адамның ішінен үздіктерін іріктеп алдық. Біз биылғы жылы ең жас қатысушымызбен рекорд орнатпақпыз. Себебі екінші сынып оқушылары жүгіреді. Сосын 13, 15 жыл қатарынан жүгіріп келе жатқандары да бар. Павлодардан арнайы балаларымен келіп қатысуда. Ересектер өз бетінше жаттықса, біз мектепте дайындалдық. 

Бұл доданың өзге бәсекелерден жөні бөлек. Мұндағы басты мақсат — озғанды шаң қаптыру емес, адамның өз ерік-жігерін қамшылап, төзімін шыңдауы.

Диана Қадыр, Самат Оспанов, Руслан Тәуірше