Қазақ спорт және туризм академиясында саңлақ спортшылардың қатысуымен жиын өтті

  • 7
  • 29.04.2026, 21:57

Алматыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясында саңлақ спортшылардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Бұл басқосуда ғылым мен білім және спорт тәжірибесін интеграциялау, спорттағы дарынды балаларды ғылыми негізде анықтау, жаттықтырушылар даярлау жүйесін жетілдіру секілді өзекті тақырыптар жан-жақты талқыланды.

Қазақ спортының қара шаңырағында атағы алысқа кеткен аңыздар бас қосты.  Саңлақ Смирновтан бастап алыстан ат терлетіп келген Нелли Ким, сондай-ақ Евгений Яровенко мен елде қызмет етіп жүрген Ермахан Ибраимов және Ислам Байрамуков секілді даңқты спортшылар «Sport Consulting Forum» қоғамдық бірлестігінің жиынына қатысты. Қазіргі замандағы жоғарғы жетістіктердің негізгі тетігі, заманауи технологиялар мен ғылыми зерттерулердің нәтижесі. Жаңа құрылған ұйымның да негізгі мақсаты - ғылыми-әдістемелік платформа ретінде отандық спорттың дамуына үлес қосу.

Қайрат Закирьянов, қазақтың спорт және туризм академиясының президенті:

- Спорт пен ғылымның үндестігі - болашақтың кепілі. Денесі шыныққан, ойы сергек ұрпақ қана елдің дамуына үлес қоса алады. Сондықтан бұл екі саланы қатар дамыту - тек жеке адамның емес тұтас қоғам міндеті. Саңлақтарды шақыртудағы мақсатымыз да сол. Олардың көрген-түйгені көп және берері де мол

Спорт пен ғылымның байланысы тек кәсіби деңгеймен шектелмейді. Қарапайым адамдардың өмірінде де бұл екі саланың ықпалы зор. «Денсаулықты сақтау, ұзақ өмір сүру мұның барлығы спорт пен ғылымның үйлесімді дамуына байланысты», -дейді бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким.

Нелли Ким, бес дүркін Олимпиада чемпионы:

-Бұл өте жақсы бастама. Өйткені спорм пен ғылым егіз ұғым. Мен бір кездері бапкерлікке бет бұрып Белорусияда жұмыс істедім. Сол кезде байқағаным ТМД елдері спорттан ғылымды тым алыстатып алған. Енді міне осы олқылықтың орнын толтыратын үлкен бастамалар қолға алынып жатыр. Мен өз тәжірибеммен бөлісуге дайынмын.

Адам ағзасының мүмкіндіктерін зерттеу арқылы ғалымдар жаттығу жүйесін жолға қояды. «Спортшылардың тамақтануы, ұйқы режимі, демалыс уақыты осының барлығы ғылыми негізде жасалу керек»,- дейді Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков. Жиын барысында спортшыларды даярлаудың жаңа моделі қалыптасатыны айтылды. Стратегиялық мақсат ретінде 2044 жылға қарай, яғни Қазақ спорт және туризм академиясының 100 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанда әлемдік жетекші орталықтармен бәсекелесе алатын заманауи білім беру және спорттық ғылыми база құру міндеті қойылып отыр. Жиын соңында даңқты спортшылар академия студенттерімен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.