Алматыда Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында дзюдодан ел чемпионаты өтті. Ауқымды жарысқа еліміздің 20 өңірінен келген 300-ге жуық тәртіп сақшысы қатысты.
Турнирдің алғашқы күні татами төрінде 62, 66 және 73 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша тартысты белдесулер өтті. Чемпионаттың екінші күніндегі нәтижелер қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласының Полиция департаменті иеленсе, екінші орын Қарағандының Ішкі істер академиясына бұйырды. Жүлделі үшінші орынға Қызылорда қаласының полиция департаментінің қызметкерлері лайықты деп танылды. «Мұндай шаралар қызметтік тәртіпті нығайтып, төзімділік пен шыдамдылықты шыңдайды», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Айдын Кабдулдинов. Чемпионат «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Бұл спорттағы күш пен тәртіптің қызмет тиімділігімен тығыз байланысты екенін айқындайды. Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Досжан Әбілқас, турнир жеңімпазы (Қарағанды):
- Белдесулердің ешқайсысы оңай болмады. Қарсыластарымның барлығы танымал, бәрі де мықты палуандар. Финалдағы қарсыласым Алматы қаласынан, қазақ күресінен әлем кубогының жеңімпазы. Бұған дейін қазақ күресінен бір рет есе жіберген болатынмын. Бүгін дзюдо күресінен бұйырып, жеңіп тұрмын.