Seitkhan Cup турнирі биыл алғаш рет Семей қаласында өтіп жатыр. Белгілі спорт журналисі әрі комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған дәстүрлі шағын футбол турниріне еліміздің әр өңірінен БАҚ өкілдері жиналды. Турнирдің салтанатты ашылуына Абай облысының басшылығы, спорт журналистикасының ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Турнир «Спартак» стадионы алаңында басталды. Биылғы додаға еліміздің 6 облысы мен 4 қаласынан 12 команда жиналды. Олардың қатарында республикалық телеарналар, өңірлік БАҚ өкілдері және медиа ұйымдардың командалары бар. Турнир 2022 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осыған дейін төрт мәрте Алматыда өткен жарыс биыл алғаш рет Амангелді Сейітханның туған жері – Семейде ұйымдастырылып отыр. Алаңдағы тартысты кездесулерде «Хабар» агенттігінің командасы да белсенді ойын өрнегін көрсетті.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Амангелді Сейітханның атын өшірмеуге тырысамыз. Оның комментатор болған кездей айтқан сөздері әл ел аузында. Әлі көп кітаптарға еніп, айтылып жүреді. Жалпы осындай әріптесіміздің бізде жасаған қызметін еске алып, еңбегін елеп, жылда осындай турнирді ұйымдастырып тұрғанымыз – журналист қауымға жақсы өнеге.
Амангелді Сейітхан – қазақ спорт журналистикасының дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Ол еңбек жолын «Спорт» газетінде бастап, кейін қазақ телевизиясында спорттық журналистиканың жаңа мектебін қалыптастырды. 1998 жылы Францияда өткен футболдан әлем чемпионатын қазақ тілінде жүргізген алғашқы комментаторлардың бірі болды. Сондай-ақ Азия ойындары мен Олимпиада жарыстарын қазақ тілінде жүргізіп, ұлттық спорт комментаторлығының дамуына жол ашты. Бүгінгі турнирге оның ұлы мен әріптестері, спорт журналистикасының ардагерлері арнайы қатысты.
Бекасыл Сейітхан, А.Сейітханның ұлы:
- Екеуіміздің арамызда әке мен бала емес, көбінесе ұстаз бен шәкірт ретіндегі қарым-қатынас болды. Себебі мен атамның қолынла өскен баламын. Одан бөлек, менің әкем қазақтың заңдылығына ешқашан қарсы шыққан адам емес. Үлкеннің сөзін, үлкеннің жолын ешқашан кеспеген. Журналистердің басқосуы тегіннен тегін жиын емес. Кім мықты, шын мықтыны анықтайтын жер емес. Меніңше, бұл нағыс достық пен әріптестердің бас қосатын жері.
Несіп Жүнісбайұлы, спорт журналисі, жазушы:
- Аманжанның туған жері ғой. Оның үстіне мынау Семейдің ең үлкен стадионында жарыс болып жатқаны – үлкен оқиға. Енді оны Аманжанның рухы риза болып, бір аунап жатқан шығар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – жеңімпаз анықтау ғана емес, журналистер арасындағы ауызбіршілікті нығайту. Сондықтан бұл жарыс әріптестер арасындағы достық пен сыйластықты нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр.
Әзиз Жұмаділ, Baq liga - Qazaqstan jurnalister ligasy жетекшісі:
- Енді 12 команданы 4-4 тен үш топқа бөлді. Ширек финалға солардың ішінен 8 команда өтті. Былай айтқанда, осал командалар жоқ, өте мықты командалар. Бұл турнирдің ерекшелігі де сол. Бұл турнирде чемпион немесе спортшы тәрбиелеу емес, журналистердің басын қосып, тимбилдинг ұйымдастыру. Амангелді ағамызды еске ала отырып, осындай үлкен дода ұйымдастырып жатырмыз.
Турнир қорытындысы бойынша бас жүлдені Абай облысының командасы жеңіп алды. Екінші орынды Kazmedia командасы иеленсе, үздік үштікті Qareket құрамасы түйіндеді. Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков