Елордада «Alzhan» баскетбол лигасы аяқталды

  • 5
  • 12.05.2026, 19:55

Оқушылардың «Alzhan» баскетбол лигасы мәреге жетті. Бұл еліміздегі ең ірі әлеуметтік-спорттық жобалардың бірі. Командалық спорт түрін дамытып, жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, өскелең ұрпақтың дені сау болып қалыптасуына ықпал ету мақсатында қолға алынған жоба осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы додаға  еліміздің түкпір-түкпірінен командалар қатысып, іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 22 команда Астанада суперфиналда бақ сынады. Әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен финалдық кезең тартысқа толы болды. 5-6-сынып оқушыларының сайысында Рудныйлықтар топ жарса, қыздар арасында Лисаковск баскетболшылары бас жүлде алды.

Марат Шакиров,  қоғамдық қор жетекшісі:

- Әлжан лигасының  осымен үшінші маусымы аяқталды. Ең алғашқы жылы біздер 5-ші және 6-шы сынып оқушыларының арасында ғана өткізсек,  қазір 7-ші, 8-ші және 9-11-ші сыныптың оқушылары қатысып жатыр. Яғни, үміткерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Сан ғана емес лиганың сапасы да арта түсті. Осы супер финалға  қала мен аймақтардан оза шапқа кіл мықтылар жиналды.

7-8-ші сыныптар сайысында бас жүлде Рудныйлық баскетболшыларға бұйырды. Ал  қыздар арасында Ақтөбе мен Кереку командалары өз ара жолығып тартысты кездесуде Павлодарлық оқушылар оза шапты.

Данияр Рахматуллаев, жарысты ұйымдастырушы:

- Әлжан баскетбол лигасы бүгінде тек спорттық дода ғана емес, достық пен ұйымшылдықдың символына айналып отыр. Сонымен қатар, бұл жарыс жас ойыншылардың шеберлігін шыңдап, болашақ кәсіби спортшылардың қатысуына ықпал етеді деген ойдамын.

Суперфиналдың соңғы күні 9-ші және 11-ші сынып оқушыларының сайыстары өтті. Ұлдар арасында Ақтөбенің асығы алшысынан түссе, финалдық ойында бар шеберлігін көрсете білген Арсений Бегунов турнирдің үздік ойыншысы деп танылды.