Жоңғар Алатауының баурайында өтіп жатқан сайысқа әлемнің 33 елінен 150 спортшы жиналды. «Биылғы турнирдің ұшу маршруты күрделі», - дейді ұйымдастырушылар.
Текелі қаласының маңындағы тау беткейі таңдалды. Тартылыс күшіне қарсы тұрып үйренген спортшылар үшін ең қолайлы жер екен. Жарыс жоспарына сәйкес, қатысушылар 25-тен 100 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруі тиіс. Берілген уақытта белгіленген межеге дәл қону да маңызды.
Әлем кубогы Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Жалпы экстремалдық деңгейі, логистикалық күрделілігі жағынан бұл турнир әлемдік спорттағы ерекше жарыстардың бірі саналады.
Игорь Виршки, ҚР Парапланер спорты федерациясының төрағасы:
- Біздің өңірдегі жарыстардың тарихы 2009 жылдан басталады. Біз дәл қону бойынша Азияның екі чемпионатын өткіздік. Сол жарыстар арқылы әлем ұшқыштары Қазақстанды тани бастады. Ал 2028 жылы маршруттық ұшулар бойынша Азия чемпионатын өткізу жоспарланған. Бұл жарысты халықаралық авиация федерациясы (FAI) ресми түрде бекітті.