Шайдоровқа 250 мың доллар сыйақы берілді. Спорт жаңалықтары

  • 10
  • 19.06.2026, 19:49

Қытайдағы бокс бәсекесі қыза түсті. Әлем кубогіне барған боксшыларымыздың біразы жартылай финал үшін жұдырықтасты. Келесі сынға кімдер өтті?

Шайдоровқа 250 мың доллар сыйақы берілді

Милан Олимпиадасының чемпионына 250 мың доллар көлемінде сыйақы берілді. Үкімет Михаил Шайдоров пен конькимен жүгіруден 6-орын алған Надежда Морозоваға және олардың бапкерлеріне ақша бөлу туралы қаулы қабылдады. Яғни 2 спортшы пен 5 жаттықтырушыға бас-аяғы 250 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның шамамен 122 миллионы Шайдоровқа берілсе, Морозоваға 5 мың доллар сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ спортшылардың бас бапкері мен алғашқы және жеке жаттықтырушыларына да ақшалай қолдау көрсетілді.

Айта кетейік, осыған дейін Михаил Шайдоров 5 ай бойы жалақы алмағанын мәлімдеген болатын. Кейін бұл мәселеге Туризм және спорт министрлігі түсініктеме беріп, мәнерлеп сырғанаушыға жаңа келісімшарт ұсынылғанын хабарлаған еді.

Футболдан әлем чемпионаты 

Футболдан әлем чемпионатының 2-ші тур ойындары басталды. Түнде Канада құрамасы Қатарға жауапсыз 6 гол соғып, ойсырата ұтты. Артынша Швейцария Босния және Герцеговинаны 4:1 есебімен жеңсе, Чехия мен Оңтүстік Африка тең ойнап, 1:1 есебі тіркелді. Бұл матчта чехиялық қорғаушы Михал Садилек турнир тарихындағы ең жылдам голдың авторы атанды. Ол 5 минут 8 секундта көзге түсіп, мергендік танытты. Ал Мексика Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен қапы қалдырды. 

Мәди Бижан, спорт журналисі:

- Әлем чемпионаты соңғы турларда ғана сезілді десек болады. Англия мен Хорватия матчы, Португалия Конго, Аргентинаның ойындарында біз әлем чемпионаты басталғанын сезіндік. Бұған дейінгі матчтар әлем чемпионатына дайындық ретінде өткен жолдастық кездесулер секілді сезілді. Атмосфера мүлде болмады. Футбол жанкүйері ретінде бұл матчтарға мүлде қызықпадым.    

Бағлан Тұрғанбек, спорт журналисі:

- Негізгі фавориттер Германияның қарқынын көрдіңіздер. Англиядағы Томас Тухельдің креативті шешімдері, Беллингемнің, Рэшфордқа, қорғаушыларға берген еркіндігін көрдіңіздер. Жартылай финалда Францияны, Португалияны және Англияны, Нидерландыны көргім келеді. Ал чемпион ретінде Португалия немесе Францияның чемпион болғанын қалар едім.  

Бокс бәсекесі қыза түсті

Қытайда бокстан әлем кубогі қызу өтіп жатыр. 8 спортшымыз жартылай финал үшін тартысқа түсті. 60 келідегі боксшымыз Виктория Графеева оңтүстіккореялық спортшымен кездесіп, жеңіске жетсе, 65 келідегі Аида Әбікеева АҚШ өкілімен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Ерлер арасында 50 келі салмақта Санжар Тәшкенбай қырғызстандық боксшымен жұдырықтасып, ол да жеңіске жетті.

70 келі бойынша Абылайхан Жүсіпов өзбекстандық боксшыны айқын басымдықпен жеңді. Ал 51 келідегі боксшымыз Алуа Балқыбекова 75 келідегі боксшымыз Тимур Нұрсейітов, 70 келідегі боксшымыз Лаура Есенгелді қарсыластарына есе жіберіп елді. Осылайша олар жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетейік, Қытайдың Гуянг қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеге Қазақстаннан 17 боксшы барған болатын. Жарыс күнінің қорытындысы бойынша олардың 8-і жартылай сынға жолдама алды. 

Дамир Берікұлы, Аслан Қаженов