Street Workout: Елордалықтарға арнап үш ай бойы тегін жаттығулар өтеді

  • 10
  • 30.06.2026, 20:01

Алдағы үш ай бойы елорда тұрғындары білікті жаттықтырушылардың жетекшілігімен воркаутпен тегін айналыса алады.

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Street Workout жобасы іске аса бастады. Бастама бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Жоба балалар мен ересектердің де қызығушылығын туғызып отыр.

Уайс Сүйеубаев – астаналықтарға танымал воркоут бапкерлерінің бірі. Талай жарыстарда топ жарған ол қазір спортқа құмар тұрғындарға жаттығу жасауды үйретіп жүр. Себебі «көпке қимыл-қозғалыстың денсаулыққа әлдеқайда пайдалы екенін ұқтырғым келеді», - дейді.

Уайс Сүйеубаев, бапкер:

- Бос уақыт өткізгенге қарағанда, далада өзінің дене бітімін жақсартуға, шыдамдылығын арттыруға, өзін жақсы сезінуге арналған тегін спорттық жаттығулар жасап жатырмыз. Әрине, жас ерекшелігіне сай арнайы жаттығулар береміз. Олар икемділікті, күшті және шыдамдылықты дамытуға бағытталған.

Street Workout – қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауының бастау алған жоба. Оның аясында елорданың орталық саябағы мен ботаникалық бағында күн сайын тегін жаттығу өтеді. Оған кез келген тұрғын және қала қонақтарының да қатысуына болады.

Азамат Қартбаев, Астана қаласы әкімдігі Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының бөлім басшысы:

- Ботаникалық бақта жаттығулар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері. Ал орталық саябақта сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері кешкі сағат 20:00-ден 21:00-ға дейін ұйымдастырылуда. Ең бастысы, қатысу тегін. Біз жасына және дене дайындығы деңгейіне қарамастан, барлық қала тұрғындарын белсенді өмір салтын ұстануға шақырамыз.

Ал жаттығу жасайтындар аз емес. Бапкерлер 6 жастан 65 жасқа дейінгі астаналықтар келіп жүргенін айтады. Сондықтан бірнеше топқа бөліп, әрқайсысына лайықты бағдарлама түзген. Негізінен аяқ-қол, дене бітімін қозғалысқа түсіріп, шынықтыратындай жаттығу түрлері. 

Тимур Тайшыбеков, Street Workout федерациясының төрағасы:

- Егер адам жаттығу тәртібін бұзбай, қалыптасқан кесте – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері қатысатын болса, ондай 3 ай ішінде жақсы нәтижеге жетуге болады. Әр топқа арналған бағдарлама бар. Біздің негізгі мақсатымыз – жарысқа салатын кәсіби спортшылар дайындау емес. Аулада бар спорт алаңын, воркоутты тиімді пайдалануды үйрету. Бұны әрбір отбасы білуі қажет деп есептейміз.

Тегін жаттығуға қала қонақтарының да қатысуына болады. Жоба 22-ші қыркүйекке дейін жалғасады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейірбек Беспаев