Сегіз спорт түрінен өтетін сайысқа ондаған команда қатысады. Жүлде қоры 4,65 миллион АҚШ долларын құрайды. Елорданың 4 ірі кешенінде болатын жарыс талас-тартысқа толы болмақ. Әлемдік спорт пен цифрлық технологиялық тоғысатын додаға біздің елдің командасы да дайын.
«Болашақ ойындары». Бұл киберспорт, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларын бір арнаға тоғыстыратын жаңа халықаралық жарыс. Басты ерекшелігі клубтық форматта өтеді. Яғни әдеттегідей ұлттық құрамалар емес, әртүрлі елдің ойыншылары бір топтың сапында өнер көрсетеді. Алдымен виртуалды аренада кездеседі. Содан кейін футбол немесе баскетбол алаңдары секілді шынайы кеңістікте жарысты жалғастырады.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Бүгінде фиджитал спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Сондықтан Астана осындай ауқымды турнирдің өтуі Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігінде орнын нығайтып, еліміздің заманауи спорттық трендтерге ашық екенін көрсете алады. Елімізде өтетін турнир аясында 8 дисциплина, 4 спорт нысандарында өтейін деп жатыр.
Сайысқа әлемнің 30-дан астам елінен жүздеген спортшы қатыспақ. Олар 8 ойын түрінен өнер көрсетіп, бақ сынайды. Спортшылардың физикалық дайындығымен қоса, технологияны меңгеру қабілеті де назарға алынбақ.
Дэн Меркли, Phygital International бас атқарушы директоры:
-«Болашақ ойындары» бұл жәй ғана халықаралық іс-шара ғана емес, біз бұл ойындар жалпы алғанда спорт, сайыс дегеннің не екенін қайта қарастыруға мүмкіндік беретін формат деп білеміз. Бүгінде бұл шынайы жаһандық қозғалысқа айналып отыр. Астана осы турнирді өткізуге әбден лайықты қала болып отыр.
«Болашақ ойындары» осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін Қазан және Әбу-Даби қалаларында болды. Қазақстанда өткізу үшін бюджет қаражатынан өзге, демеушілердің де қаржысы тартылған. Халықаралық мультиспорттық турнирі қарсаңында Ұлттық музейде, Олимпиада ойындарының 1896 жылдан бергі тарихы көрермен назарына ұсынылды. Мұнда Афинадан Астанаға дейінгі олимпиадалық жәдігерлер қойылған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин