Алматыда «Қайрат» пен «Омония» арасында шешуші ойын басталады

  • 0
  • 29.07.2026, 19:57

Бірер минуттан кейін Алматының «Қайраты» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчын өткізеді. «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Омония» командасын қабылдайды. Қазір футбол жанкүйерлері Орталық стадионға жиналып жатыр. Еске салсақ, алғашқы матч Кипрде өтті. Сырт алаңда алматылық команда қарсыласқа 1:0 есебімен есе жіберген еді. Ойынның 13-минутында «Омония» жартылай қорғаушысы Панайотис Андреу есеп ашты. Ал 33-минутта қарсылас команданың қорғаушысы алаңнан қуылды. Алайда «Қайрат» көптігін пайдалана алмады. Енді команда келесі кезеңге өту үшін бүгін барын салуы тиіс.

Александр Широбоков, «Қайрат» ФК футболшысы:

-Біз өткен ойынның көп бөлігін өз бақылауымызда ұстадық. Жиі шабуыл жасадық. Көбірек допқа иелік еттік. Алайда қарсылас команда бір футболшыға кем болса да, жақсы ойын көрсетті.

Хеннинг Берг, «Омония» ФК бас жаттықтырушысы /Кипр/:

-Жолымыз жақсы болды, аман-есен жеттік. Бұған дейін де Қазақстанға келгенбіз. Футболда мұндай ұзақ сапарлар жиі болады, сондықтан біз әрдайым дайынбыз. Өткен аптада қарсыласымызды жақсырақ тануға мүмкіндік болды. Бірақ біз негізінен өз ойынымызға, өз дайындығымызға көбірек назар аударамыз. жақсы ойын көрсетіп, жанкүйерлерге қызықты футбол сыйлауға тырысамыз.