Астана әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік киберспортшылар өзара бақ сынасып жатыр. «Болашақ ойындарының» өтіп жатқанына бүгін - 3-ші күн. Кіл мықтының арасында фиджитал баскетболдан Қазақстаннан 2 команданың біреуі плей-офф кезеңіне жолдама алды. Кеше кешке жарыс жолына шыққан «Астана» командасы жанкүйерлердің үмітін ақтады. Олар топтық кезеңдегі екінші ойынында сербиялықтарды жеңді. Қорытынды есеп 33:22. Енді плей-оффта Аргентинадан келген «Бока Хуниорс» командасымен кездеседі. Ойын бүгін сағат 19:40-та Астанадағы QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді.
Цзян Чжэнъян, Handsome Mdmx командасының ойыншысы /Қытай/:
- Бұл турнирге жоғары дайындықпен келдік. Біз үшін маңызды сайыс. Қазақстанмен бір алаңда ойнау біз үшін үлкен мәртебе. Астана бізді таңғалдырды. Қала жайлы айтсам, жергілікті халық өте мейірімді. Қазақтың ұлттық тағамдарының дәмі тіл үйіреді.