Ауқымды шараның ашылу рәсіміне Ермахан Ибрагимов, Серік Сәпиев, Ислам Байрамуков, Алмат Кебіспаев сынды олимпиада және әлем чемпиондары жиналды. Олар мыңға жуық қала тұрғындарымен бірге 10 шақырымды жаяу жүріп өтті.
Апталық аясында еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі форматтағы 250 шара өтеді. Осы арқылы салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар санын көбейту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 44 процентті құрайды. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер аса белсенді. Қазір спортпен тұрақты шұғылданатын өрендер саны 1 миллион 800 мыңға жетті. Ендігі мақсат - бұқаралық спортпен шұғылданатындар санын 50 процентке жеткізу.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалар спорты мен бұқаралық спортқа көп көңіл бөлу керек. Осының аясында елімізде көп инфрақұрылым салынып жатыр. Саябақтарда балаларымызға көптеген жақсы жағдай жасалған. Мына 7 мың секцияда бүгінгі күні 220 мыңға жуық бала спортпен айналысады.
Ислам Байрамуков, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Жастарға айтатыным – тек қана той-думан емес, ерте тұрып, осындай уақыт тауып өз денсаулықтарыңызға бөліңіздер! Өйткені XXI ғасыр - тек қана жеңіске ұмтылған адамдардың уақыты.