Алматы халықаралық әуежайында мерекелік көңіл күй. Эквадорда дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды. Төрткүл дүние көз тіккен бәсеке, отандық дзюдошылар үшін сәтті болды.
Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының үздіктеріне зор құрмет көрсетілді. Құшақ-құшақ гүл, ыстық ықылас... Барлығы да чемпиондардың құрметіне. 60-қа жуық елдің спортшылары қатысқан тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті.
Мейірлан Баймаханбетов, дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:
- Бұл әлем чемпионатына бір жылға жуық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Еуропа кубоктары, Азия кубоктары . Әлем чемпионатына дейін ұлттық құрама спортшылары өздерінің тәжірибелерін шыңдап, әлем чемпионатына аттандық.
Жас балуандар жекелей сында үш алтын медаль жеңіп, жоғары нәтиже көрсетті. 60 келі салмақта Ғабит Расулхан топ жарса, 90 келіден жоғары салмақта Әділжан Жаудинов тұғыр төрінен көрінді.
Әлем біріншілігінің үшінші алтынын Фатима Сұпығалиева жеңіп алды. Осылайша ол қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Жекелей сында тағы үш күміс, төрт қола олжалады. Нәтижесінде жігіттер командалық есепте бірінші, қыздар екінші орынды иеленді.
Фатима Сұпығалиева, дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:
- Өте керемет өтті, үлкен деңгейде ұйымдастырылды. Бүкіл аурасы ерекше болды. Неше түрлі елдерден келген мықты спортшылар қатысты. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Әсіресе «алғаш чемпион» деген кезде, мен өз-өзіме сене алмадым. Ал финалдық белдесуге өзімді былай дайындадым: «Фатима, сен осыған біраз дайындалдың, еңбектендің. Саған елің сеніп отыр, сен үшін жақындарың дұға тілеп отыр. Сен міндетті түрде чемпион болуың керек.
Еске сала кетейік, байрақты бәсекенің жекелей сынында балуандарымыз барлығы 10 медаль жеңіп алды. Ал аралас командалық сайыста жерлестеріміз тағы бір алтынды қоржынға салды. Осылайша жиыны 11 медальмен елге оралды. Командалық жарыста әуелі Болгария құрамасын жеңіп, ширек финалда Жапониядан басым түсті. Жартылай финалда көршілес Өзбекстан құрамасын тізе бүктірді. Жарыстың соңғы күнінде сенсация жасап, Бразилия құрамасынан жеңісті жұлып алды.
Иянат Жұбатқан, дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:
- Мен бірінші ұтылып қалдым. Сосын есеп 3:3 болды. Одан кейін жеребе лақтырды. Жеребеде ішімнен «48 шықса екен, мен осыған көрсетемін» деп қалап тұрдым. Тек қана ұту керек болды. Командам, әкем, барлығы қарап тұр. Достарым да қарап тұр. Барлығының үмітін ақтауым керек болды.
Тарих жасаған балуандар тарихта қалары сөзсіз. Жаттықтырушылар мен федерация өкілдерінің айтуынша, бұл жетістік отандық дзюдоның жаңа сатыға көтерілгенін көрсетеді. Мамандардың сөзінше, ендігі белес күзде Сенегалда өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары.
Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов