Қазақстанда соңғы 7 жылда 536 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың қатарында спорт сарайлары, көпфункционалды кешендер, бассейндер, мұз ареналары мен мамандандырылған спорт орталықтары бар. Олардың құрылысы бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, кәсіби спортшыларды даярлауға да бағытталған.
Спорт инфрақұрылымын дамыту. Бұл бағытта соңғы жеті жылда қандай жетістікке жеттік? Жаңадан салынған нысандардың 4-і – спорт сарайы, 58 жүзу бассейні пайдалануға берілген. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, мұз ареналары, жеңіл атлетика, теннис орталықтары сынды 473 спорт кешені ашылған.
Руслан Сергазин, ҚР ТСМ комитет төрағасының орынбасары:
- Жалпы осы кезеңде спорт инфрақұрылымының сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық берілді. Осының аясында халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу көрсеткіші 44 пайыздан 59,6 пайызға дейін өсті.
Жаңадан салынған нысандарда жеңіл атлетика, ауыр атлетика, волейбол, гимнастика, бокс, күрестің барлық түрлері, су, жекпе-жек және басқа да спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Бірқатар кешендер балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілерін даярлауға, спорттық резерв қалыптастыруға және ұлттық құрама командаларының оқу-жаттығу процесін өткізуге мүмкіндік береді.
- Мысалы, Алматы облысында республикалық олимпиадалық даярлау базасы іске қосылды. Бір мезетте 2 300 спортшы шұғылдануына алады.
Сонымен қатар Қызылордада 11 мың көрерменге арналған заманауи стадион пайдалануға берілді. Түркістанда ескек есу каналы пайдалануға берілді.
Елордада биыл спорт саласы үшін маңызды нысан іске қосылды. Ұлттық спорт университетінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды. Аумағы 105 мың шаршы метрден асатын ғимаратта жаттықтырушылар, спорт менеджерлері, дәрігерлер, әдістемелік мамандар даярланады. Сондай-ақ спорт ғылымын дамытуға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге және спортшылардың біліктілігін арттыруға жағдай жасалған.
Жақсат Кенжин, Қазақ ұлттық спорт университетінің деканы:
- Қазіргі таңда 4 700-ден астам білім алушы білім алып жатыр. Оның ішінде 3 900-і бакалавриатта, 700-ден астамы магистратурада және докторантура бағдарламалары бойынша 13 докторантымыз білім алуда. Біздің университет халықаралық серіктестерін көбейтуде. Оның ішінде қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Соңғы жылдары параспортшылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалып келеді, – дейді жауаптылар. Айталық, өткен жылы Қазақстанда төрт бірдей инклюзивті спорт орталығы ашылды. Жалпы елімізде қазір 26,5 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік.
Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов, Мұхаметәлі Тілдәбаев.