Алматыда Denis Ten Memorial Challenge 2026 халықаралық мәнерлеп сырғанау турнирі өтіп жатыр. Белгілі спортшы, Олимпиада жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған жарыс биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан халықаралық шараға 25 елден келген 150-ге жуық спортшы қатысуда. Турнир Орталық Азия мен Таяу Шығыста ISU Challenger Series аясында өтетін жалғыз мәнерлеп сырғанау жарысы саналады. Ерекшелігі – мұнда спортшылар әлемдік рейтингке есептелетін ұпай жинай алады. Сондықтан Алматыдағы турнирге білікті мәнерлеп сырғанаушылар да қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Германия, Канада, Венгрия, Оңтүстік Корея және Жапония спортшылары бар. Шетелдіктерден Пётр Гуменник, Александра Игнатова және қытайлық мәнерлеп сырғанаушы Юдун Чэнь өнер көрсетеді. Қазақстан атынан Софья Самоделкина мен Диас Жиренбаев мұз айдынына шығады.