Қарағанды облысында жыл басынан бері 109 жаңа спорт нысаны салынды
Биыл пандемияға байланысты жоспарланған жарыстардың барлығы өтпей қалды. Бірақ сол дүбірлі додалар кешеуілдесе де спортшыларымыз жаттығуын тоқтатқан жоқ. Ал байрақты бәсекеден артылған артық ақша түгелдей бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.
Қарағандыдағы үстел теннисі ортылығы жуырда ғана мемлекет басшысының қатысуымен ашылған болатын. Орта Азияда теңдесі жоқ спорт нысаны өте қысқа мерзімде салынды. Мұнда тәулігіне 400 бала жаттыға алады, 18 үстел бар.
Еркебұлан Смағұл, үстел теннисі спорт мектебі директорының орынбасары:
- Орталығымыз Қазақстан Республикасының чемпионаттарын, халықаралық дәрежедегі жарыстарды өткізуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Спортшыларымыздың кәсіби деңгейі жоғарылайды деп ойлаймыз. Қазіргі таңда Акашева Зәуреш деген спорт шеберіміз бар, біздің мектепте айналысады. Осы рейтингті жарыстан өтіп жатса, Олимпиадаға қатысады деген үлкен үмітіміз бар.
Қазір облыста барлығы 3155 спорт нысаны бар. Оның жартысына жуығы ауылда. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өңірде тұрғындарды спорт нысандарымен қамту деңгейі небәрі 59% шамасында. Дегенмен әр жыл сайын бұл салаға бөлінетін қаржы артып келеді. Биыл Теміртау мен Қарқаралы қалаларында дене шынықтыру сауықтыру кешені ашылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тағы жеті бірдей ірі спорт нысанының және екі бассейннің құрылысы басталды.
Рүстем Қожабеков, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл біз жасанды төсеніш төселген 44 спорт алаңын, 17 хоккей кортын және 12 стрит-воркаут салдық. Оның барлығы қолжетімді, тұрғындарға кез келген уақытта барып дайындалуға болады. Бұл келешекте өңірде бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп сенеміз.
Биыл пандемияға байланысты қаншама жарыс өтпей қалып, үнемделген қаржы бұқаралық спортты дамытуға жұмсалған. Осылайша облыста 109 жаңа спорт нысаны салынады. «Бұл жылдық жоспардан 50% артық», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев