2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары: «Хабардағы» хоккей трансляциясының ерекшелігі
Қазақстан құрамасының қоржынында бірде-бір медаль болмаса да, жанкүйерлер үмітін үзген жоқ. Олимпиада ойындарының аяқталуына үш күн қалды. Бұл күндері қазақстандықтардың көпшілігі болып жатқан оқиғаларды спорт комментаторларының жұмысы арқылы бақылауда.
Қысқы Олимпиада ойындары «Хабар» және EL ARNA телеарналарында көрсетіліп жатыр. Спорттық трансляциялар және бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Аскат Жақаевтың айтуынша, комментаторлар телекөрермендерге оқиға атмосферасын жеткізу үшін барынша тырысуда.
«Біз барлық оқиғаларды шынайы уақыт режимінде көрсетеміз. Бірде-бір эфир жазба түрінде жүрмейді. Спорт көрермендер үшін тек қана тікелей эфирде қызық болатыны түсінікті. Бізде кәсіби комментаторлар жұмыс істеп жатыр, көптеген сарапшыларды шақырамыз. Әр ойынның трансляциясы мазмұнды және көрермендер өздері үшін қызықты болуы үшін барымызды салып жатырмыз», - деді.
«Хабар» телеарнасы құрылған кезден бастап, қазіргі уақытқа дейін барлық жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының трансляциясын көрсетіп келе жатыр. Арна әр уақытта көрермендерді жаңашылдықтарымен қызықтыруға тырысады. Мәселен, бұл жолы хоккей матчтарына әйел адам комментаторлық еткені ерекше болды.
«Комментатор ретінде Зарина Кусанова Олимпиада ойындарында дебют жасады. «Хабар» Агенттігінің жас тілшісі бұрын Мәскеу хоккей клубының баспасөз қызметінде жұмыс істеген. Біз тәуекелге бел буып, оны «Хабар» және EL ARNA арналарының трансляциясына комментатор ретінде шақырдық. Әйел адамның хоккейге комментаторлық етуі ерекше екені сөзсіз. Біздің көрермендер оның кәсібилігін жоғары бағалады», - деді Асқар Жақаев.
Қазақстан құрамасы спортшыларының өнер көрсетуі туралы айта келе, спорт журналисі Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының ең жарқын сәттерін атап өтті.
«Біздің қазақстандық шорт-трекерлер алғаш рет финалға шықты. Бұл жақсы көрсеткіш, өйткені шорт-трек біз үшін жаңа спорт түрі. Біздің құрама көбіне Орал қаласында жаттығады. Спортшылар бізді өз нәтижелерімен таң қалдырды. Абзал Әжғалиев медальдан бір қадамда болды. Спорт болғандықтан, нәтиже көп уақытта сәттілікке де байланысты, қас қағым сәт қарсыластардың финишке қалай келетініне әсер етуі мүмкін».
Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын 34 спортшы қорғады. Олимпиада 20 ақпанға дейін жалғасады. Спортшылардың өнерін эфирде, сондай-ақ «Хабар» және EL ARNA телеарналарының ресми сайттарында көруге болады.