Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін қаншалықты жағдай жасалған?
Бүгін - Дүниежүзілік денсаулық күні. Денсаулықты сақтауда спорттың рөлі орасан. Елімізде жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін қаншалықты жағдай жасалған? Қазақстан бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған 487 спорт мектебі бар. 18 жасқа дейінгі 400 мыңға жуық оқушы спортпен тегін айналысып жүр. Алайда спорт мектептерінің 83-і жалдамалы ғимаратта отыр. Бұл қай өңірлер? Түркістан облысында 60 спорт мектебінің 17-сі жалдамалы. Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 7-ден болса, Жетісу облысында мұндай 6 ғимарат бар. Бүгінде бұл спорт мектептерінде жаттығу қалай жүреді?
Павлодар қаласының олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бұл залды ондаған жылдар бойы жалдап келеді. Осы аралықта бұл жерде жаттыққан талай жасөспірім халықаралық жарыстарда топ жарды. Көптеген көркем гимнасшы қыз қазақтың көк байрағын желбіретті. Жас спортшылар арнайы ғимараттың болуын армандайды.
Елена Белус, облыстың көркем гимнастикадан аға жаттықтырушысы:
- Бұл жалға алынған зал. Бізден бөлек басқа спорт түрлері бойынша жаттығатын балалар да келеді. Сондықтан едендегі төсемені жинап отырамыз. Өйткені зал көркем гимнастикамен шұғылдануға арналмаған.
Ал бұл Астанадағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Ғимарат 2019 жылдың желтоқсанында тапсырылған. Мектепте 2 мыңға жуық бала спорттың 20 түрімен айналысады.
Ұлар Қасымхан, жас спортшы:
- 2019 жылы осы мектеп ашылды. Мен 2019-дан бері әлі қатысып жүрмін тхэквондоға. Мен жарысқа қатысқанмын, Түркістанға бардым, Алматыға бардым. Сол 2 жерге барып, екеуінен де орын алып келдім.
Елорда бойынша жалдамалы ғимаратта отырған спорт мектебі жоқ. Бәрі мемлекет меншігінде. Жалпы бүгінде балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. «Мемлекет тарапынан тиісті жағдай да жасалып отыр»,– дейді мектеп басшысы.
Серік Халелов, Астана қаласы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
- Биылғы жылды айтсақ, греплинг спорт түрінен біздің спортшылар Қазақстан кубогын ұтып алды. Кёкусинкай каратэдан Қарағандыда Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 30 спортшымыз алтын медальға ие болды.
Иә, спорттағы жетістіктер қуантады. Алайда еліміз бойынша ғимаратты балалар мен жасөспірімдердің 83 спорт мектебі әлі де жалдап отыр. Құзырлы министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе алдағы 5 жылда түбегейлі шешіледі.
Аманбай Нұрмаханбетов, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы:
- Осы қажеттілікті жою мақсатында алдағы 5 жылда 113 спорт нысаны қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Күрделі жөндеуді талап ететін 20 спорт нысаны бар деп талдау жүргізілді. Бұл мәселені жою бойынша кезең-кезеңімен алдағы 5 жылда күрделі жөндеуден өткізілетін болады.
Жаңа ғимаратқа павлодарлық жас гимнастшылар да қол жеткізеді. Қалада көркем гимнастика сарайының құрылысы алдағы 2-3 жылда басталады.
Достық Талғатұлы, тілші:
- Елімізде балалар мен жасөспірімдер спортына көңіл бөлінбейді емес, бөлініп келеді. Қыруар қаражат та бағытталып, осындай жаңа заманауи спорт мектептері де салынып жатыр. Болашақта осы балалардың ішінен еліміздің намысын қорғайтын, көк туын желбірететін чемпиондар шығады деген сенімдеміз.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Ақмарал Есімханова, Мұхаметәли Тілдебаев