Хабар телеарнасы

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы дүниежүзілік олимпиадада күміс алды

Қазақстан тарихында тұңғыш рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында еліміздің әйелдер құрамасы күміс медаль иеленді. Команда сапында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Амина Қайырбекова және Алуа Нұрман өнер көрсетті. Небәрі 17 мен 20 жастағы бұрымдылар 11 матчтық марафонға қарамастан әлемнің 169 елінен келген қарсыластарын шаң қаптырды.

Бүгін 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрама командасы тарихта тұңғыш рет күміс медальді еншіледі.

Тәжірибелі гроссмейстерлер Павел Коцур мен Александр Моисеенко тәлімгерлері 12 күн нағыз шеберлерше ойын өрнегін көрсетті. Жарыс жолында Уругвай, Финляндия, Австрия, Сербия, Куба, Әзірбайжан, Франция және Польша командаларын тізе бүктірді. Грузия мен АҚШ шахматшыларымен тең түсті. Тек биылғы бәсекеде чемпион атанған үндістандық ойыншыларға есе жіберді.

Гүлмира Бекзатқызы, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:
-Жалпы бұл олимпиаданы Қазақстанның әйелдер құрама командасын №10 болып бастаған еді. Біз басынан бастап осы үштікке енсек, тарихи оқиға болады деп ойлаған болатынбыз. Қыздарымыз осыдан екі жыл бұрын Үндістанда 5-орын алған болатын. Одан алдын Норвегияда 6-орын болған. Ең жоғарғы жетістіктеріміз. Ал енді екінші орын бұл енді бұрын-соңды болмаған нәтиже.

Еліміздің ерлер құрамасы да 11 кезең бойы жақсы өнер көрсетіп, «В» категориясының қола медалін жеңіп алды. Отандастарымыз Суринам, Монако, Алжир, Оңтүстік Африка Республикасы, Бангладеш, Моңғолия және Хорватия командаларынан басым түсті.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
-Шахматтағы жетістіктеріміз еліміздің зияткер жастарының көбейе түскенін, болашағының жарқын болып келе жатқанынан хабар беріп тұр. Қойнауы қазынаға бай ел үшін осындай ұрпақтың өсіп келе жатқаны аса маңызды деп санаймын.

Былтыр еліміздің үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамыту бойынша кешенді жоспарды қабылдады. Бірегей стратегия шахматтың байрақты бәсекелермен қатар қарапайым мектептерде қолдау табуына ықпал етіп келеді.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Дастан Исатайұлы