Хабар телеарнасы

Атақты боксшы В. Жиров алматылық жастармен кездесті. Спорт жаңалықтары

Қазақ спортының қара шаңырағында танымал спортшылардың студенттермен жүздесуі дәстүрге айналған. Бұл жолы қазақтың спорт және туризм академиясы атақты боксшы Василий Жировқа есігін айқара ашыпты.

Балқаштың барысы биік белестерді бағындыру жолында талай кедергілер мен қиындықтарға тап болғанын, тек ерен еңбектің арқасында бәрін еңсере білгенін асықпай отырып баяндап берді. Сондай-ақ спорттан кейінгі өмірі мен алдағы жоспарларын да жайып салды.

Жировтың әңгімесін құлақ сала тыңдаған студент жастар бұл кездесуден үлкен әсер алғандарын жасыра алған жоқ. Елге белгілі спортшыларды шақырудағы біздің мақсатымыз да осы. Болашақта шың басына шыққысы келетін жастарға ағалардың осындай ақылы ешқашан артық етпейді.Керегін түртіп алып, қажетіне жаратады. Сондықтан  біздер бұл игі дәстүрді жалғастыра береміз, - деді академия басшысы Қайрат Закирьянов.

Кездесу соңында оқу-ордасының ұжымы келген қонаққа құрмет көрсетіп «Шыңғыс хан» медалімен марапаттады.

Василий Жиров, Атланта Олимпиадасының чемпионы:

- Иә, бүгінгі жастармен кездесу маған да ерекше әсер қалдырды. Дәл осы шаңырақтан талай Олимпиада чемпиондары түлеп ұшқанын жақсы білемін. Болашақта да мықтылар шығатынына сенімім мол. Мен енді Қазақстан боксының өсіп, өркендеуі үшін қызмет етсем деймін. Бірақ әлі нақты ұсыныстар бола қойған жоқ. Енді федерация басшыларымен жүздесемін. Мүмкін қандай да бір келісімге келеміз деп ойлаймын.

Азия үздіктері Алматы облысына жиналды.

Александр Асанов атындағы спорттық ату алаңында стенд атудан Азия кубогы өтіп жатыр. Бұл сұрмергендер үшін Париж Олимпиадасынан кейінгі ең ірі байрақты бәсеке. Оған 14 елден 200-ден аса спортшы қатысуда. Алғашқы жарыс күндері трап бағыты бойынша медальдер сарапқа салынды. Нәтижесінде ерлер арасында қазақстандық Әлішер Айсалбаев күміс, ал әйелдер арасында Айжан Досмағамбетова қола жүлдеге ие болды. Бұған қоса жасөспірімдер арасында ұлттық құрама сапындағы Никита Моисеев ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды.

Командалық сындағы көрсеткіштеріміз де жақсы. Қазақстандық спортшылар ерлер арасында екінші, ал әйелдер арасында үшінші орынға тұрақтады. Енді алда стенд атудың басқа бағыттары бойынша да жарыстар өтеді.

Құрлықтық дода 10 күнге созылады және оның жалпы қорытындысы 30 қыркүйекте белгілі болады.

Қазанның 6-сы мен 13-і аралығындаі елордадағы Beeline Arena спорт кешенінде құрлықтық жарыстың жалауы желбірейді.

Қазақстан спорттың бұл түрінен алғаш рет Азия біріншілігін қабылдағалы отыр. Бір аптаға созылатын жарыста 7 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеде ел намысын 10 спортшы қорғайды. Олардың ішінде Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Айдос Кенжеғұлов сынды ел аузында жүрген теннис шеберлері бар.

Айта кетейік, XX ғасырдың ортасынан бері ұйымдастырылып келе жатқан айтулы бәсекеде бүгінге дейін тек 10 мемлекеттің спортшылары жүлде алған. Ал Париж Олимпиадасында 5 жүлде жиынтығына 60 ел таласып, тек 6 мемлекеттің өкілі жеңіс тұғырынан көрінген.

Жандос  Айтбайұлы