Түркістан облысының 96 ауылында дене шынықтыру залы жоқ
Соңғы жылдары ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы артқан. Алайда Түркістан облысындағы 96 елді мекенде дене шынықтыру залы атымен жоқ. Ауылдардан спорт алаңдары қашан ашылады? Балаларды қандай спорт түрлері қызықтырады?
Бесқұбыр ауылындағы мына спорт залға осы аумақтағы төрт елді мекеннен 100-ге жуық бала келіп, бокспен шұғылданады. Спортзалдың ашылғанына бір жыл ғана болса да араларында жетістікке жеткендері бар. Солардың бірі - Дидар Мұхаммедәмин. Он бір жастағы жеткіншектің қабілетін байқаған бапкерлер оны кәсіби деңгейде жаттықтырып жүр.
Дидар Мұхаммедәмин, 5-сынып оқушысы:
-Бірінші мамыр ауылында мектепте тренировка болатын еді. Сол жақта істейтін едік. Кейін осы зал ашылды. Жақында Өзбекстанда бірінші орын алдым.
Келес ауданында 1,5 жыл ішінде алты ауылдық округте тегін үйірмелер ашылды. Бұған дейін жеткіншектер бокс, үстел, теннисі, еркін, күрес, футболмен шұғылданса, биылдан бастап таэквондо, шығыс жекпе жегі, дзюдомен айналысады.
Нұрлан Сапарәлиев, жаттықтырушы:
-Қарапайым, қаракүштің балалары ауылдан шығады. Ертең Қазақстан бар, Азия чемпионы боласыңдар. Суреттегі ағаларың сияқты чемпион боласыңдар деп, оларға солай насихаттаймыз. Олар қызығып, қазір келіп жатыр.
Әлішер Мамадияров, Келес спорт клубының директоры:
-14 ауылдық округтегі біраз ауылда әлі спорт үйірмелері жоқ. Сондықтан ондай елді мекендерге кәсіпкерлерді тартып, спорт кешендерін аштырып, дамытсақ деген мақсаттамыз.
Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы жоғары. Алайда облыстағы 96 елді мекенде спорт залы жоқ. Былтыр өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 7 нысан пайдалануға берілсе, жеке инвесторлардың есебінен 44 спорт залы салынған. Биыл тағы 12 нысан іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов