Қазақстан мен Қытай сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр

  • 6
  • 09.09.2026, 18:30

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу, көлік дәліздерін дамыту, жасанды интеллект саласындағы серіктестікті жалғастыру және ортақ жобаларды көбейту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында қазақ-қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретін негізгі бағыттарды атап өтті.Жаһандық ғылымда «синология», яғни қытайтану деген ұғым қалыптасқан. Экономикасы алып Қытайды тереңірек танып, онымен тығыз байланыс орнатуға Қазақстан да ұмтылып келеді. Екі елдің ортақ шекарасы 1700 шақырымға созылып жатыр. Қазақстан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, көрші елмен байланысын нығайтып келеді.

Қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Президент Синьхуаға берген сұхбатында осылай атап өтті. Мемлекет басшысы Қытай тілін меңгеріп қана қоймай, елдің тарихы мен мәдениетін, ішкі және сыртқы саясатын да терең зерттеді. Бұл тәжірибе екі ел арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. Дегенмен дипломатиялық ептіліктен де маңызды құндылық бар. Ол өзара сенім мен құрметті арттырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады. Бүгінде қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді деп сеніммен айтуға болады. Бұл әрине қуантпай қоймайды». 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетті. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 11% өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында сауда көлемі 27,2 млрд долларға жетті.

Мемлекет басшысы енді өзара сауда көлемін 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:«Қалыптасқан саяси сенім мен халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ықыласы алдағы уақытта қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндік береді. Сондықтан алдымызда ауқымды әрі жүзеге асыруға толық болатын міндеттер тұр. Соның ішінде екіжақты сауда көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу және экономикалық ынтымақтастықтың сапасын жаңа деңгейге көтеру маңызды».

Екі ел көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты да күшейтіп келеді. Қытайдан Еуропаға бағытталған транзиттік тасымалдың шамамен 85% Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асты. Автомобиль жолдары арқылы 8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 40% артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:«Жақында мен Арал – Каспий жаңа магистралінің құрылысын бастауға тапсырма бердім. Бұл жоба Шығыс пен Батыс арасындағы өткізу мүмкіндігін екі есеге арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау мерзімін бес күннен үш күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жақында Шанхайға жасаған сапарым барысында Достық - Алашанькоу бағытындағы екінші теміржол желісін салу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оның іске қосылуы осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Аягөз - Тачэн бағытындағы үшінші теміржол желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба қолданыстағы инфрақұрылымның жүктемесін айтарлықтай азайтып, жылына 20 млн тонна көлеміндегі қосымша жүк ағынын қамтамасыз етуге жол ашады».

Қазір Қазақстанда қытайлық капиталдың қатысуымен 9 мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Бұл елдегі әрбір жетінші шетелдік компанияның қытайлық капиталдың қатысуымен жұмыс істейтінін көрсетеді. Президент технологиялық ынтымақтастыққа да айрықша тоқталды. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Ал Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника және жаңа энергетика бағыттарында әлемдік көшбасшылардың қатарында келеді.

Тайыр Нығманов, Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:

- Қазақстан инвестицияларды әртараптандыру арқылы тек Қытаймен ғана емес, сонымен қатар басқа да барлық елдермен қарым-қатынаста өндіруші салалардан өңдеуші секторға бағыттауға тырысып жатыр. Үкімет бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін хабарлайды.Қытай жоғары технологиялық және қосылған құны жоғары тауарларды ауқымды көлемде өндіреді. Сондықтан осындай жеткізу тізбектеріне қосылу экономикамызға шикізатқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді. Дәл сол себепті мен мұндай инвестициялар мен жобаларды еліміз бен азаматтарымыз үшін сөзсіз игілік деп санаймын.

Қазақстан биыл Шанхайда құрылған Дүниежүзілік жасанды интеллект ынтымақтастық ұйымының 29 негізін қалаушы мүшесінің қатарына қосылды. Президент бұл қадамды жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды бастама деп бағалады.

Екі ел арасындағы байланыс саясат пен экономикамен ғана шектелмейді. Білім, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастық та қарқын алып келеді. 2026 жыл Қазақстан мен Қытай арасында Мәдениет жылы болып өтіп жатыр. Қытайда қазақстандық студенттер білім алып жүр. Ал қытайлық жастар Қазақстан университеттерінде білім алуға қызығушылық танытып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:«Қытайдың жетекші университеттерінің, соның ішінде Лу Бань шеберханаларының филиалдары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр, академиялық мобильділік және университетаралық ынтымақтастық бағдарламалары кеңейіп келеді»

Келер жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады. Президент Қазақстанның Қытаймен арадағы мәңгілік стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, дамыта беретінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қытайдың«Халықтар біріксе, Тайшань тауын да орнынан қозғайды» даналығын да мысалға келтірді.

Авторы:Сағыныш Әбікей