Президент Германия компаниялары басшыларымен кездесті

  • 4
  • 29.09.2026, 18:33

Мемлекет басшысы Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында осы елдің экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттары жетекшілерімен жүздесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылармен Германия қаржысын, тәжірибесі мен тәуекелді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурсымен және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселесін талқылады. Президент еліміз Германияның Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ соңғы он жылда Қазақстан өңірдегі ең озық цифрлық және қаржылық экожүйені құрғанын және бұл мақсатта даму институттары 20 миллиард доллар көлемінде қаражат құйғанын атап өтті.

Тараптар арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін Мемлекет басшысы қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды. Ол Еуропа мен Германияның капиталын Қазақстан нарығына бағыттап, қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекел ету тетіктерімен ұштастырмақ. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді.