Алматы облысында қордаланған мәселелер шешімін тапты

  • 4
  • 29.09.2026, 18:38

Алматы облысындағы Zhana Alem түрғын үй алабында он жылдан бері автокөлік және жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Түнде көшелері тас қараңғы, жарық шамдары орнатылмаған. Осы уақыт ішінде мұнда тұтас бір шағынаудан бой көтерді. Қазір мұнда 1,5 мыңнан астам халық тұрып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, балалар мектепке батпақ кешіп баруға мәжбүр. Ал жедел жәрдем көлігінің үйлерге жетуі мұң. Жылдар бойы қордаланған мәселені шешуге құқық қорғау органы араласты. 

Алғашқы тұрғындар мұнда 2000 жылы көшіп келе бастады. Ол кезде санаулы үй еді. Жиырма жылда шағынаудан айтарлықтай кеңейді. Халық саны көбейсе де, жол салу мен көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін таппады. Әсіресе күн сайын мектепке қатынайтын оқушыларға қиын. «Шыттай киініп кететін балалар үстін ластап қайтады», - дейді тұрғындар.

Нәзия Өтелбаева, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:

- Біз бұл мәселені 2005 жылдан бері бармаған жеріміз жоқ, баспаған тауымыз жоқ десем болады, кірмеген есігіміз жоқ. Сосын әне-міне деп жүріп, өйткені акиматтың қолында қағаз болған жоқ, ол кісілердің құзырында болған жоқ бұл. Жекеменшік адамның қолында болды.

Жанар Ыбыраева, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:

- Енді жолды жасап берсе, жарықты жасап берсе, балаларымыз аман-есен мектептеріне барып келгенін бәрі қалайды ғой. Бұл жолға жедел жәрдем, такси дегеннің келуі қиын. Анау Қапал батырдың бас жағынан күтеді, жұрттың бәрі сол жаққа барады.

Тұрғын үй алабында прокурорлық тексеру жүргізілді. Жол салуға арналған жер телімдерінің осы уақытқа дейін жекенің меншігінде болғаны анықталды. Прокурорлардың араласуынан кейін меншік иесі жалпы аумағы 20 гектар жерді мемлекетке қайтаруға міндеттелді. Сот шешімі заңды күшіне енді. Қазір жергілікті билік жол салу және абаттандыру жұмыстарына кірісті.

Бауыржан Төлендинов, Іле ауданының прокуроры:

- Жалпы жолдарға арналған жерлер жекеменшікте бола алмайды. Осы себептен аудан прокуратурасы тұрғындардың мүдделері үшін сотқа талап арыз беріп, жолдарды мемлекетке қайтару туралы мәселесін көтерген. Қазіргі таңда сот шешімі негізінде осы жолдар мемлекетке қайтарылды. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары басталды.

Төлеген Омаров, Өтеген батыр ауылдық округінің әкімі:

- Қазір мінеки, осы мәселе шешілді, 7-8 ай сот болды. Жерді Үкіметке қайтардық, енді мінекей, биыл осы міне бірінші көшемізді, жолымызды халыққа игілігіне жасап беріп жатырмыз. Бұл жерде 12 көше бар. Жалпы 15-21 көше аралығында ендігі жылға қарай қазір проект жасалып жатыр.

Жоба бойынша енді кешенді жұмыс жүргізіледі. Жол салынады. Одан бөлек, жергілікті билік көшелерге жарық шамдарын орнатып, жаяу жүргіншілер жолы мен аллеяларды абаттандыруды, сондай-ақ ойын алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Әкімдіктің мәліметінше, қаржы уақытылы бөлінсе, негізгі жұмыстар келесі жылы аяқталады.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөңкешов