Еліміздің бес өңірінде - Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу берілді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі мәлімдеді. Қайырхан Тұтқышбаев атап өткендей, апта соңында дейін орталық, батыс және шығыс өңірлерде жылу қосылуы тиіс. Бүгінде энергия нысандарында 5 млн тоннаға жуық көмір, 127 мың тонна мазут қоры жинақталған. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлердің қысқа дайындығы 95-98 пайыз. Дей тұрғанмен, кейбір қалаларда жылу маусымына әзірлік пен жөндеу мерзімінің созылуына байланысты тәуекелдер бар. Мәселен, жоспар 82 пайыз ғана орындалған Семей қаласы ерекше бақылауға алынды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі тиіс. Жылыту маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең – соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек.