Шығыс Қазақстанда дәрігер тапшылығы өзекті. Өлкедегі медициналық мекемелерде жалпы 102 маман жетіспейді. Соның 25-і ауылдарда. «Әсіресе анестезиолог, гинеколог, кардиолог сынды қызметкерлерді табу қиын», - дейді сала басшылары. Дегенмен аймақта бұл мәселені шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Мәселен, ауыл медицинасына үлес қосам деп ауылға барған жас мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде бірреттік көтерме ақы берілуде. Бейінді бағыттар бойынша кадрлардың білімін жетілдіру мәселесі де жолға қойылған.
Айнаш Қапанова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз бұл кадр тапшылығын шешу үшін түрлі әдістерді пайдаланып жатырмыз. Қазір облыстық бюджет есебінен 49 маман резидентурада білімін тереңдетіп жатыр. Медициналық жоғарғы оқу орнын аяқтаған 67 түлек өлкемізге жұмысқа тұрды. Соған қарамастан, маман жетіспеушілігі әлі де бар.