Сауалнама: Отандастарымыздың 85,7% армия реформасын қолдады

  • 3
  • 29.09.2026, 18:40

Қасым-Жомарт Тоқаев 27-ші қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен арнайы кеңесте әскердегі жағдайға баға беріп, министрліктің жұмысын жан-жақты тексеріп, он күн ішінде армияны реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қоғамның бұл бастамаға қатысты пікірі қандай? «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы қоғамдық пікірді зерттеу мақсатында онлайн сауалнама жүргізді. Оған 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы және Шымкенттен 18 жастан асқан 1 мың 12 респондент қатысты.

Сауалнамаға қатысқандардың 85,2%-ы Президенттің Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру туралы шешімін қолдаған. Сондай-ақ Қарулы Күштерді реформалау бастамасын сұралғандардың - 85,7%-ы қолдап отыр. Респонденттердің 47,4% пайызы Қорғаныс министрлігінің ашықтығы мен есептілігі арттырылсын деп ұсыныс айтса, 34,3%-ы командалық құрамды жаңарту және оның кәсіби деңгейін көтеру қажет деп санайды екен. Қорғаныс саласындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге сұралғандардың 30 пайызға жуығы «иә» десе, 25,3%-ы әскерилердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы жақсартылсын деген. Сауалнамаға қатысқандардың 20,7% -ы қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды, 20,4%-ы цифрлық шешімдерді енгізу, ал 19,2%-ы  жауынгерлік даярлық пен оқу-жаттығу деңгейін көтеру қажеттігін атап өткен.