Былтыр елімізде 3 549 бала қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны болған. Жыл басынан бұл келеңсіздік 3,7 пайызға төмендеген. Бірақ бұл тоқмейілситін жағдай емес. Сол себепті бүгін Құрылтай мен Үкімет мүшелері талқылады. Дәлірек айтсақ, 158 нақты іс-шараны қамтитын «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысы Құрылтай қабырғасында, Үкімет сағатында баяндалып, депутаттар ұсыныстарын айтты. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар басты назарда болмақ. Енді атқарушы билік нендей мәселелерге бас ауыртуы тиіс?
Жүргізуші:
- Былтыр 180 мыңдай бала жарақат алу, жазатайым жайттар мен өзге де сыртқы себептерге байланысты жапа шеккен екен. Бұл қаншалықты алаңдатарлық факт?
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Әлбетте бұл келеңсіздіктер жыл санап төмендеп келе жатқандағы картина. Ал әлеуметтік сауалнамаларға сенсек ата-аналарды ең алаңдататын факторлар психологиялық жарақат, қорқыныш пен күйзеліс, оқу мен әлеуметтік ортадағы қиындықтар екен. Жалпы жағдайдың түзелуі үшін не істеледі?
-Жаңа айтылған жайттардан-ақ ахуалдың алаңдатарлық екенін аңдаймыз. Әлбетте психологиялық сипаттағы жарақаттардың дені ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты. Бұл жерде де мәселе бар.
Инклюзиялық білімге зәру 237 мың бала бар. Оларға 541 ұйым мен 11 мың арнайы педагог қолдау көрсетеді. Алайда бұл жеткіліксіз, 3 мыңнан астам маман жетіспейді деп Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың өзі мәлімдеді. Бұл әсіресе Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарымен қатар республикалық маңызы бар қалаларға қатысты түйткіл.
Бірақ маман тапшылығын азайту үшін колледждерде 500 логопед пен 200-ден аса педагог-ассистент оқытылып жатыр. Сондай-ақ бүгінде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ведомствоаралық кешенді жоспарды іске асыру қолға алынды. Қазақстан балалары деп айдарланған 5 жылға арналған құжат оқушылардың тең құқылы білім алуы мен қажеттілігін уақытылы өтеуді көздейді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтудың бір тетігі арнайы білім беру ұйымдары десек, олардың саны қазір 541-ге жетті. Оның ішінде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, 100 арнайы мектеп, 49 арнайы балабақша, 14 оңалту орталығы және аутизмі бар балаларды қолдайтын 12 орталық бар.
158 нақты іс шараны қамтитын тұжырымдама көп мәселеге шешім болуы тиіс, межеленген міндеттердің қазір жартысынан көбі орындалағанымен тез арада шешімін табуы тиіс түйткілдер бар.
Динара Закиева, ҚР Құрылтайы төрағасының орынбасары:
- Елімізде 40 кешкі мектеп жұмыс істеп тұр. Тексеру барысында кейбір балалардың үй шаруасына көмектесу немесе балаларына қарау мақсатында ата-аналарының талабы бойынша кешке мектепке ауыстырылған жағдайлары анықталды. Кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына кешкі мектепке ауыстыра салады. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді. 9 айдың өзінде кешкі мектептерге 941 бала ауыстырылған.
Дегенмен көп жұмыс қолға алынған. Ерекше қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу үшін педагог-ассистент лауазымы енгізіліп, бүгінде олардың саны 7500-ге жетті. Буллингке қарсы бағытталған «Дос болайық» бағдарламасы балаларға қысым деңгейінің 2,5 пайызға төмендеуіне сеп болып отыр. Сондай-ақ балалар арасында суицидтік белгілерді ерте анықтау мақсатында педагог психологтар арасында 3 деңгейлі диагностика жүйесі қалыптастырылып, оның әдістемелері бірыңғай цифрлық платформаға біріктілді. Мұның сыртында
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау үшін соңғы жылдары 11 заң қабылданды. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Буллинг пен балалар құқықтары үшін әкімшілік жаза енгізілді. Өңірлік қорғау органдарының өкілділігі бекітіліп, 20 өңірде психологиялық қолдау орталықтары және 160 отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс жасайды.
Депутаттар Қазақстан балалары тұжырымдамасын орындау жауапкершілігін айрықша атап өтті. Бұл жерде ведомствоаралық үйлестіру мәселесіне де баса мән берілді. Себебі ұлттың келешегі балаларды қорғау бір ғана министрліктің міндеті емес.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Құрылтайының депутаты:
-Тұжырымдаманы орындауға 16 орталық мемелекеттік орган және барлық өңір қатысады. Оқу ағарту министрлігіне 57 іс-шара, денсаулық сақтау министрлігіне 27, ал 20 әкімдіктерге 49 іс-шара жүктелген екен. Кез келген шараны орындалды деп есептеу үшін оның нақты балаға не бергенін бағалауымыз өте маңызды. Сондықтан іс-шараны орындалды, тетік енгізілді, нәтиже алынды деген 3 нәрсені бөлек ажыратуымыз керек деп санаймыз.
Құрылтайшылардан ұсыныс. Тексерілмеген, арнайы белгісі жоқ онлайн ойындар бұғатталуы тиіс. Ата-ана бақылауы тетігі сондай-ақ интернетте баланы қорғау және оның жеке басын анықтау мақсатын ID картасыг енгізу ұсынылды. Айта кетейік, бұл тек цифрлық қауіпсіздік бағытындағы ұсыныстар. Сондай-ақ физикалық қауіпсіздік, инфрақұрылым және білім беру бағыттарында да бұйымтайлар бар. 7 млнға жуық баланы қорғауға бағытталған іргелі құжатты іске асыруға 1.3 трлн теңге көзделмек.