Елде мақта тұқымының өндірісі ұлғайтылып, импортқа тәуелділікті азайту көзделіп отыр. Су тапшылығы мен климаттың өзгеруі жағдайында мақта шаруашылығын дамыту үшін Шымкент ғалымдары жаңа ғылыми жоба ұсынды. Айтуларынша, тың технология мақта сортын сапалы өңдеп, мол өнім алуға мүмкіндік береді
Ғылыми-өндірістік орталықта мақта тұқымын жақсартуға арналған жаңа жоба сәтті сыналды. Бердияр Қалымбетов ұсынған бірегей әдіс арқылы отандық сұрыптың құрамы микротыңайтқыштармен байытылып, әрі зиянкестерге қарсы өңделді. Осылайша тұқымның өнгіштік қасиеті де артатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді. Енді «Ғылым қорының» қолдауымен заманауи зауытты іске қосуға әзірлік жүріп жатыр.
Бердияр Қалымбетов, «Агроинженерия және технология» ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі:
- Тұқымның расходы 1 гектарға 20-25 кг азаяды. Дәл егіншілік мүмкіндігін береді. Енді анық егілгеннен кейін оның өніп-шығуы, өсуі жылдам жүреді. Өнімділігі жоғары болады. Қазір орташа 27-30 болса, алдағы уақытта 35-40 центтерден өнім болады деп жоспарлап отырмыз.
Мамандардың айтуынша, заманауи әдіспен әзірленген тұқым жоғары өнгіштігімен қатар, климат өзгерісі мен су тапшылығына төзімді. Ең бастысы, шетелдік импортпен толық бәсекелесе алады. Ал биыл егістік алқаптарға қажетті 4300 тонна мақта тұқымының басым бөлігі шетелден жеткізілген.
Хайдар Тасыбеков, М.Әуезов атындағы зерттеу университетінің проректоры:
- Мақтаның егісіне жаратылатын тұқымның 40% ғана бізде Қазақстанда өндіріледі. Қалған 60% импортталады. Яғни осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қазір сол тұқымдарды өзімізде өндіру мәселесін өндірістік сынақтан өткізіп жатырмыз. Мақта кластерін құруға үлкен агро-био бағыттарды дамытуға осындай жұмыстар жасалып жатыр.
Түркістан облысы – республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Биыл 174 мың гектарға мақта егіліп, жер игеру көлемі былтырғымен салыстырғанда 28 мың гектарға артқан. Дегенмен, алқап көлемінің ұлғайғанымен, жалпы 535 мың тонна өнім жиналды. Оның басты себептерінің бірі сапалы тұқымның тапшылығы. Сондықтан жергілікті шаруашылықтарды қолдауға субсидия беріледі.
Сейітжан Әзбергенов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Тұқым шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша 471 млн теңге субсидия бөлінді. Оның ішінде 322 миллион теңгесі осы тауар өндірушілердің егіске жұмсалған шитіне төленді.
Заманауи зауыт Асық-ата кентінде бой көтеріп, оны желтоқсанда іске қосу жоспарланып отыр. Ғалымдар мен кәсіпкерлер алдағы егістік маусымы басталғанға дейін 2 мың тоннадан астам отандық тұқым шығарып, шетелдік импортқа тәуелділікті азайтуды көздейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов