Алматыдағы 57 базардың 16-сы заманауи үлгіге көшкен
Елбасы 5 жыл бұрын Алматының жабайы базарларын жаппай жаңартуды тапсырған. Содан бері қаладағы 57 базардың жартысына жуығы жаңа үлгіге көшті. Бұрын базарда кім көрінген сауда жасайтын, қазір бәрінің кәсіпкерлік куәлігі бар. Апаратын жолы, айналасы түзелді. Қысқасы біраз шаруа жасалды. Жоспар да көп.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
-Бұрынғы қара базар қазіргі – дара базар. Алматының әйгілі барахолкасы. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл жерде мынадай көпір түгілі, келіп сауда жасаудың өзі мұң болатын. Қазір мүлде басқаша. Арнайы заманауи автотұрақтар бар. Міне, автобус өтетін, жеңіл автомашиналар өтетін арнайы жолақтар бар. Қазір сауда нүктелерінде қалай болып жатыр екен бірге көрейік.
Бұрынғыдай бір-бірін итермелеген адам жоқ. Әр сауда орталығының алдына аумағы ат шаптырым автотұрақ салынған. Ақшаны біреудің қолына емес, мына автоматқа саласыз. Көлігіңізге басы бүтін жауап береді. Еш алаңдамай саудаңызды жасай беріңіз.
Блиц:
-Баяғыда ана «Адем» жақтан түсіп қалатынбыз. Бері қарай пробка болатын. Қазір екі трасса қойды ғой.
Блиц:
-Отбасымен келеміз. Аптасына 1-2 рет келіп, керек нәрсемізді алып кетеміз. Көңілден шығады.
Ішіне кірдік. «Жол-жол, аяқты абайлаңдар» деген арбакештер жоқ. Самса мен бәлішін табағына салып алып, жүріп сататындарды да байқамадық. Алдыңнан атып шығатын алтын, күміс сатқыштар да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, базардың сырты да, іші де өзгерген.
Луиза Досова, сауда орталығының директоры:
-Өрт сөндіру жағдайлары, жылу беру толық қамтылған. Қыста жылу береміз, жазда кондиционер қосамыз. Бәрі бар. Бейнебақылау орнатылған. Мың адамдай осы сауда орнында жасайды. Мүмкіндігінше заманға сай жасадық. Кәсіпкерлеріміз өте риза. Таза, жылы, жаз кезінде салқын жерде саудаларын жасап отыр.
Қапас Нұрғалиұлы осында базар ашылғалы жұмыс істеп келеді. Кезінде нағыз жабайы сауданы көрген. Тұрып та, жүріп те сатыпты. Бұрын қай күні қай ұры қай тауарымды ұрлап кетеді деп уайымдаса, қазір мүлде алаңдамайды.
Қапас Нұрғалиұлы, кәсіпкер:
-Қыста болса да аязда тұрдық қой далада. Қазір ондай жоқ. Мынадай зәулім жерде сауда жасап жатырмыз. Бұрынғы базармен салыстырғанда қазіргі сауда үйінің айырмашылығы жер мен көктей. Келген кісілердің барлығы рахметін айтып кетеді.
Бір емес, бірнеше базарға кірдік. Базар деп айтуға қимайсың. Сауда орталығы. Негізі Алматыдағы 57 базардың 16-сы заманауи үлгіге көшкен. Олардың қатарына биыл тағы алты базар қосылады. Осылайша барлық базар сауда орталығына айналмақ. Бұл кәсіпкерге де, халыққа да тиімді.
Ерлан Омаров, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда-саттық бөлімінің басшысы:
-Жаңғырту жұмыстарын 2020 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет тарапынан кез-келген барлық көмекті көрсетеміз. Барлық құжаттарды мақұлдап жатырмыз. Субсидиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Жабайы сауданың жойылғаны барлығына тиімді, пайдалы. Мысалы, мыңдаған саудагер жеке кәсіпкер куәлігін алып, мемлекетке салық төлейді. Сауда орындарындағы ұрлық-қарлық 80 пайызға азайған. Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық нормалар бұрынғыдай емес, қатаң түрде сақталады.
Ерлан Омаров, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы сауда-саттық бөлімі басшысы:
-Өзінің автокөлік тұрағы болуы тиіс. Заманауи өрт нормаларына, санитарлық нормаларға сәйкес болуы қажет. Өздерінің заманауи бутиктері сәйкес болу керек. Шығуы, кіруі міндетті түрде стационарлық үлкен сауда үйлерін салу керек. Барлық ережелерге сәйкес болғаны жөн. Және де салықтық түсімдер таза және ашық болуы тиіс.
Заманына сай базары. Енді алдағы уақытта жайма, жабайы базар деген болмайды. Тек сауда орталықтары жұмыс істейді. Одан тауардың бағасы өзгермеуі керек. Оны мамандар жіті қадағалап отыр. Бастысы – осы сапалы тауарды қауіпсіз жерден сатып алу.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Радик Жакупов