Зардап шеккендерге жиналған жылудың көлемі 2 мың тоннадан асты
Бүгінге дейін еліміз бойынша жиналған жылудың көлемі 2 мың тоннадан асыпты. Оның 1,5 мың тоннасы тасқыннан зардап шеккен облыстарға жеткізілген. Заттарды қабылдау мен үлестіруге және апаттың алдын алып, салдарын жоюға 30 мың еркіті көмектесуде.
Киім-кешек, азық-түлік, төсек орын, еңбек құралдары мен тағы басқа тұрмыстық заттар тиелген кезекті жүк көлігі Петропавлға жетті. Гуманитарлық көмек Шығыс Қазақстан облысынан жіберілген. Елдің сәлемдемесін түсіріп алуға жергілікті жастар жиналды. Енді мұның бәрі аймақтағы су басқан аудандарға жөнелтіліп, зардап шеккен тұрғындарға таратылады. Жылуды жинауға Қазақстан Халқы Ассамблеясы мұрындық болған. Айта кетейік ұйымның «Жүректен жүрекке» әлеуметтік жобасы аясында су басқан аймақтарға 400 милион теңгенің көмегі көрсетіліпті.
Ақтөбе облысында гуманитарлық көмектің арқасында судан зардап шеккен халық үшін, азық-түліктің 2 айлық қоры жиналды. Бұл туралы волонтёрлар әлеуметтік желіде мәлімдеді. Аймаққа жеткізілген жылудың ішінде - генераторлар, моторлы-үрмелі қайықтар, су тартатын насос, төсек-жабдықтар да бар.
Ал Сауда және интеграция министрі, еліміздегі 20 сауда желісінің өкілдерімен кездесіп, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге азық-түлікті үздіксіз жеткізу жайын талқылады. Арман Шаққалиев қоймалардағы қордың көлеміне, күнделікті мониторинг жүргізуге және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге шақырды.