Қарағанды облысының экономикасына ₸679 млрд салық құйылды
Қарағанды облысының экономикасына, биыл 679 млрд теңге салық құйылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,6% артық. Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді. Қаражаттың басым бөлігі әдеттегідей экономикалық-әлеуметтік салаға бағытталған. Облыстағы экономикалық көрсеткіштер қандай?
Облыс әкімінің есебінше, әсіресе, өнеркәсіп, сауда және ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Қазіргі уақытта облыстың қысқамерзімді экономикалық көрсеткіші 113,1%. Жыл басынан бері өңірде 2 ірі кәсіпорын ашылған.
Облыстағы 1032 шақырым жол жөнделіп, Қарағанды-Қарқаралы автожолының 115 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Бүгінгі күні ең ірі Qarmet кәсіпорнында инвестор ауысып, қайта жаңғыру басталды. Шойын, болат өндірісі артты. Жаңа инвестор ауысқан кезде сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді. Қазір жеті шахта жұмыс істеп тұр.
Тағы бір өзекті мәселе – жылумен қамту. Биыл тозығы жеткен 17 шақырымды құрайтын желі жаңарды және Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында 31,5 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылуда.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
-Биылғы жылы фермерлер бір миллион үш жүз мың тонна астық жинады. Соңғы 13 жылда мұндай нәтиже болған емес және 409 мың тонна картоп жиналды.
Сонымен қатар елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 14 ауыл сапалы сумен қамтылса, 26 ауылда шағын блок-модульдер орнатылуда. Сондай-ақ газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Газ желілері бүгінде 7621 үйге тартылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін ауылдарда 27 емхана ашылмақ. Ал келесі жылы 51 денсаулық сақтау мекемесі бой көтереді. Облыста білікті медициналық кадрларға ұдайы қолдау көрсетіліп отырады. Екі жыл ішінде 236 дәрігерге пәтер берілді және оларға берілетін әлеуметтік көмек 1,5 млн теңгеден 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Қанат Махамбет