Ұлттық «Үркер» сыйлығына өтініштер қабылдау уақыты аяқталуға жақын
Оған республикалық және аймақтық бұқаралдық ақпарат құралдарының қатысатыны белгілі. Тізімде Алматы облысының екі газеті «Жетісу» мен «Огни Алатау» бар. Екі басылым да жақында өздерінің 100 жылдығын атап өтеді.
Алматы облысының газеті – «Жетісу». 100 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан басылымның аты ел ішіне кең тараған. Республикалық басылымдармен тең дәрежеде оқылады. Газеттің мазмұнды болып шығуына өз заманының танымал тұлғалары атсалысқан. Бір сөзбен айтқанда, шекпені социалистік болғанмен, мазмұны таза халықтық рәуіште шығып келген газет тәуелсіздік таңы атқан күннен жаңаша талаппен елдік мүддеге сай қызмет етуде. Бүгінде онда 50 шақты журналист пен түрлі мамандар бар. Арасында түрлі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін де кездестіруге болады.
Әміре Әрін, «Жетісу» газетінің бас редакторы:
- Журналистер арасында «Үркер» сыйлығының белгіленгендігі мәлім. «Жетісу» газетінің редакциясы ұжым болып қатысып, өзінің мақалаларын ұсынып отыр. Оның ішінде әсіресе біздің 4 жылдан бері шығарып келе жатқан «Ұлт ұяты» атты айқара бетіміз бар.
Мынау – «Огни Алатау» газетінің алғашқы сандарының бірі. Онда 1918 жылдың 16 сәуірі деп жазылған. Ол кезде газет «Заря свободы», яғни «Азаттық таңы» деп аталған. Басылым Жетісудың сол кездегі революциялық баспасөз үні болған. Алғашқы редакторы белгілі коммунист Рудольф Маречек екен. Бұл газетпен кезінде танымал әдебиетшілер М.Әуезов, С.Мұқанов, Әлімжанов, Снегин, Фурмановтардың өзі тығыз байланыста болған.
Виталий Петельник, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары:
- Фурманов мұнда Чапаев дивизиясынан кейін келген. Біздің газетте істеп жүріп өзінің белгілі «Мятеж» романын жазған. Сол кітабында: «Егер қандай да бір оқиға бола қалса, біз газетімізге қарай асығатынбыз және оны жариялауға тырысатынбыз», – деп жазған жолдар бар.
Жетісу өңірінің қос газеті жақында 100 жылдық мерейтойын аймақтың қуанышты оқиғасы ретінде атап өтпек. Ақындар арасында «Ғасыр – ғұмыр» атты мүшәйра ұйымдастырылады. Спорттық сайыстар мен мәдени шаралар өткізу де жоспарланып жатыр.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов