Президент «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды
Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында мемлекет мүддесі, қоғамның сұранысы мен медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасы аясында әзірленді.
Жаңа жобаға «Бұқаралық ақпарат құралдары» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді.
Хош, сонымен жаңа заңға қол қойылды. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Яғни қалам ұстаған қауымның құқықтары мен бостандықтары қорғалуы тиіс, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі ерекше құқықтары осы мәртебеге саяды. Мәселен, ақпарат алу.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 7-ден 5 күн деп жатырмыз, ал енді төтенше жағдайлар, бір оқиғалар болған кезде тиісті мемлекеттік уәкілетті органдардан 1-2 күннің ішінде жедел жауап алуға да мүмкіндік туатын жағдайлар бар.
Журналистердің қауіпсіздігі. Төтенше жағдайлар, қақтығыс ошақтарынан хабар тарату – қалам мен микрофон ұстағандардың бұлжымас міндеті. Мәселен, былтыр әлемде 99 тілші қызмет барысында көз жұмған. Бетін ары қылсын, бірақ қауіпсіздік қазақ журналистеріне де артық етпейді.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ендігі жерде БАҚ-тың басшылары жіберген журналистің қауіпсіздігіне жауапты болады. Оларды материалдық техникамен қамтамасыз етуге тиітсті. Егер де ол журналист зиян шегетін болса, оған моральді, денсаулығына зиян тиетін болса, шығынын төлеуге міндетті болып есептелінеді.
Журналистер арагідік жапа шегетін жайдың бірі – ақпараттың ескіру мерзімі. 20 жыл бұрын жазылған мақалаңда ар-ұжданыма тіл тигізгенсің, – деп сотқа беріп жататын жайттар бар. Медиа қауымдастықтың бұл бұйымтайы да ескерілді.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 30 жылдың ішінде шыққан баспасөзге, басқа да БАҚ шыққан мақалалар бойынша азаматтар сотқа жүгіне алатын және көп жағдайда ол редакцияның, журналистердің пайдасына шешіле бермейтін. Сондықтан бұл бір жылға қысқаруының өзі де осы заңның үлкен бір нормаларының бірі деп айтуға болады.
Қазақтілді орта өсті, қазақы контент неге аз? Жаңа заңда осыған жауап бар.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақтілді контенттің кезең-кезеңімен 50%-тен 60%-ке дейін өсетіндігі. Бұл мәселе қоғамда көп талқыланып жүр. Яғни қазақша контенттің көбеюіне осы заң үлкен мүмкіндік беріп отыр. Екінші мәселе – мемлекеттік емес БАҚ гранттар арқылы зор мүмкіндіктер жасалып отыр. Яғни оларға да әртүрлі тақырыптар, бағыттар бойынша мемлекеттік қолдауға жағдай жасалады.
Ақпарат құралдары мәселе көтереді, оны көрер көз, естір құлақ болса кәне дейтін түсінік бар қоғамда. Енді ақпарат құралдарының сөзі қабырғадан серпіліп, қайтып келмеуі тиіс.
Қайнар Ахетов, ҚР МАМ БАҚ саласындағы Мемлекеттік саясат департаментінің директоры:
– Көптеген сын айтылып келген болатын. Осы заң жобасының шеңберінде БАҚ саласында қоғамдық кәсіптік кеңестер құру мәселесі қарастырылған. Бақ саласының қоғамдық кәсіптік кеңестері бір ұсынымдар беретін болса, мемлекеттік органның өкілдері міндетті түрде оған мән беріп, сонда көрсетілген, көтерілген мәселелерге міндетті түрде қарастырып, өздерінің позицияларын, ұстанымдарын айтатын болады.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобында жүзден аса адам жұмыс істеді. Соның бірі мәжілісмен әрі журналист Жанарбек Әшімжан. Айтуынша негізгі құжатқа ұзын-ырғасы 200-ден аса норма енгізілсе, ілеспе заңға 50-ден аса өзгерістер енген. Өтпей қалған ұсыныстар да жоқ емес.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің қоғамдық ұйым өкілдері жұмыс тобының мүшелерінің тарапынан ұсынылған нормалардың көпшілігін біз депутаттар кейбір жағдайда дауыспен қабылдадық. Үкімет оны бірнеше ай, жарты жылдай сараптама жасады. Сөйтіп келіп, Үкімет қорытындысынан бізден ондаған теріс қорытынды алдық. Көңіл толмаушылықтар да бар. Қоғамдық ұйымдар тарапынан, жекелеген журналистер тарапынан. Енді бұл қатып қалған дүние емес, уақыт жылжыған сайын заң да, заңнама да, заң шығарушы бағыттағы іс-қимылдар да өзгеріп отырады.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- «Құзырлы мемлекеттік органдардың жұмысындағы кем-кетік пен қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық сынап жазуға бұл заң кедергі келтірмейді», - дейді қабылдағандар. Қисын мен нормативке сыятын конструктивті сынға еш тосқауыл жоқ. Бірақ мемлекеттілікке, ел бірлігі мен тұтастығына қауіп төндіретін ақпаратқа жол берілмейді. Бұл әсіресе шетелдік БАҚ-қа қатысты. Енді олар елімізде жұмыс істеуі үшін Сыртқы істер министрлігінің рұқсатын алуы керек болады.
Берік Дүйсенбай, Дархан Күнтуов, Самат Оспанов