Хабар телеарнасы

Қазақстандық спортшы фристайл-акробатикадан әлем чемпионы атанды

Шымбұлақ шатқалында фристайлшы өрендердің әлем біріншілігі жалғасып жатыр.

Акробаттар жарыс жолына шықты. Және бірден сүйінші жаңалық. Қандасымыз Дінмұхаммед Райымқұл әлем чемпионы атанды. Бұл тарихи жеңіс. Бұған дейін қазақ елінің ұл-қыздары жасөспірімдер арасында шың басына шыға алмай жүр еді.

Дінмұхаммед Райымқұл Шымбұлаққа келген жанкүйерлерді шатыққа бөледі. Жеңістің оңайшылықпен келмесі анық. Іріктеу кезеңінде төртінші сатыдан көрінген Дінмұхамедке финалда Қытайдың қос спортшысы Юч Юнхен мен Ян Чжичен қарсылас атанды. Шешуші сәтте ең күрделі жаттығуды сауатты орындаған Райымқұл 104.52 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды.

«Дала қырандары» турнирі өтеді

Қазақ күресінен ел үздіктері Астанаға жиналып жатыр. Ертең Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында «Дала қырандары»  дәстүрлі  жарыс өтеді. Мұнда тек түйе палуандар ғана емес, жеңіл, орта және ауыр салмақтағы жігіттер де өзара мықтыны анықтайды. Яғни үміткерлер 8 салмақта сынға түседі.

Республикалық жарысқа рейтинглік турнирлерге тұрақты қатысып, ең жоғары ұпай жинаған 64 палуан ғана қатысады. Олардың қатарынан әлем чемпионаты және өзге де халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Ерсұлтан Мұзаппаров, Алтынбек Аусағитов, Нұрдәулет Жарылғапов және Ерасыл Қажыбаев сияқты спортшыларды көруге болады. «Дала қырандары» турнирі соңғы жылдары тұрақты ұйымдастырылып жүр. Жоба ұлттық күресіміздің насихатын күшейтіп, Қазақстанның спорттық мұрасын сақтауға және ілгерілетуге көмектеседі, - дейді мамандар.