Сеулге мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президентін Корея Республикасы Президентінің резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Екі ел Президенттері шағын сосын кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Жоғары жылдамдықты интернет, робот-көмекшілер, мінсіз жұмыс істейтін метро жүйесі және Lotte World Tower сияқты бұлттармен тілдескен зәулім үйлер қаланың инновациялық қуатын көрсетеді. Мұнда өмір сүру ағымы өте жылдам, әр секунд санаулы. Халқы 10 млннан асатын – Сеул өткен тарих пен жарқын болашақ тоғысқан заманауи мегаполис. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Ли Чжэ Мёңмен жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін заманауи бағытта нығайтады.
Көк үйдегі кездесуге бармас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Корея Республикасының Премьер-министрімен кездесу өткізді. Хан Сон Сук – ел үкіметін басқарған 50-ші премьер, әрі екінші әйел адам. Премьер-министрге Alatau City ақылды қаласы таныстырылды. Жобамен мұқият танысқан ол «жобаны дамытуда Корея Қазақстанның серіктесі бола алады» деген ойын жеткізді. Әрине, ақылды қала салуда Кореяның көмегі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Корея Қазақстанға 12 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр.
Ал қазақ-корей дөңгелек үстелінде Қасым-Жомарт Тоқаев сөз барысында корей кәсіпкерлерінің 3 ерекшелігін атап өтті. Олар: ширақ әрі батыл қимылдайтыны, жоғары адамгершілігі әрі Қазақстанға деген сыйластығы, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 млрд доллардан асқан президенттің пікірінше, бұл көрсеткішті еселей түсуге әбден болады. Оған негіз де жоқ емес, бұл жолғы сапарда Сеулде 80 келісімге қол қойылды.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
-80 мәмілелерге қол қоятын боламыз. Жалпы инвестициялық көлемі 19 млрд доллар құрайтын болады. Оның ішінде энергетика саласында біздің еншілес компаниямыз QazaqGaz Hyundai Engineering-пен газ өндіру Карашағанақ газ орнында газ өндіру зауытын салатын болады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Толыққанды газ өндіру зауытын екі мың отызыншы жылына дейін іске қосатын боламыз. Инвестициялық құны 6 млрд доллар құрайды. Одан басқа мұнай өңдеу Павлодар зауытының қуаттылығын 5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыратын боламыз. Бұл мәмілені біздің еншілес компаниямыз «ҚазМұнайГаз» Samsung компаниясымен жүзеге асыра-асыратын болады. Одан басқа, Alataу UEC бойынша сирек және критикалық металдар салаларында мәмілелерге қол қоятын боламыз.
Күн тәртібіндегі ортақ мәселе – көлік және логистика саласы. Қазақстан президентінен ұсыныс: бірлескен логистикалық кәсіпорын құру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын. Қазақстан елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын.
Бекнұр Местепаев, Astana motors компаниясының бас директоры:
- Бүгін Сеулде төрт келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр. Алғашқы келісімшарт Hyundai Motor Company компаниясымен жасалады. Келісімге сәйкес, Hyundai Tucson жаңа моделін шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен Astana Motors компаниясының Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығару көзделген.Сонымен қатар Yongsan Glanet компаниясымен бірлескен кәсіпорын аясында автокөлік орындықтарын шығару жолға қойылған. Енді орындықтардың қазақстандық үлесін арттыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, орындық қаптамалары Қазақстанда тігілетін болады. Сондай-ақ Yongsan Glanet компаниясымен бірлесіп, дыбыс бәсеңдеткіштерді Алматыда шығару жоспарланған.Үшінші келісімшарт Motrex компаниясымен жасалады. Бірлескен жоба аясында автокөліктерге арналған кілемдер Қазақстанда өндірілмек.Ал оңтүстіккореялық THN Corporation компаниясымен Astana Motors Алматыда бірлескен кәсіпорын ашады. Компания Hyundai және Kia автокөліктеріне арналған сымдар жиынтығын өндіреді.
Әуелі экономика, сосын саясат, мемлекеттік сапар осындай тәртіппен өрбіді. Кәсіпкерлермен келісімдер жасалған соң, Президент Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёнмен келіссөз жүргізу үшін Көк үйге барды.
Мемлекеттік сапар – дипломатиялық қарым-қатынастың ең жоғары деңгейі, сондықтан мұндай кездесудің әрбір сәті маңызды саналады. Бұл жолы да келіссөздер жоғары деңгейде өтті.
Алдымен шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Талқыланған мәселелердің бағыты айқын, Қазақстан мен Корея Республикасы саяси тұрғыда стратегиялық серіктестікті нығайтып, экономикалық байланыстарды дамытуға мүдделі болып отыр.
Сапар барысында жалпы құны 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Авторы:Сағыныш Әбікей