Елорда әкімдігі қабырға суреттеріне байқау жариялады
Мамырдың 6-на дейін кез келген үміткер мейлі ол ел азаматы, мейлі шетелдік болсын фестиваль алқасына өзі кескіндеген муралдың, яғни көше суретінің нобайын жолдауы керек. Іріктеуден өткен 15-ке жуық туынды мереке қарсаңында қаланың көрнекті жерлеріндегі тұрғын үйлердің қасбеттері мен қабырғаларына бейнеленеді. Үздік муралдарға қойылатын талап біреу. Олар елорда тарихынан сыр шертуі тиіс.
Гүлназ Қабидоллақызы, тілші:
-Астананың оң жағалауындағы мына ескі үйде былтыр ең алғашқы мурал пайда болды. Мурал тұтас қабырғаға салынған кескіндемені білдіреді. Ал суреттің тарихына келсек, арнайы құтпарақтар жиынтығын жасау үшін 70 жылдары Целиноградта түсірілген екен. Енді, міне, көне сурет қабырғада қайта жаңғырды.
( youtube.com//MovieCarScene)
Мурал әлемнің көптеген ірі қалаларында кең көрініс тауып, көше мәдениеті ретінде орнықты. Оның граффити, яғни қабырғадағы жазудан айырмашылығы көп. Біріншіден, тұтас қасбетті алатындықтан, көркемдік ерекшелігі ескеріледі. Екіншіден, белгілі бір тақырыпқа құрылады. Яғни айтар ойы бар. Осы тұста үлкен шаһарларда әсіресе сюрреализм жанрындағы суреттер кең тарағанын айта кету керек. Қала көркін көше суреттерімен көмкермекке Астана әкімдігі де кірісіп, жуырда байқау жариялады.
Талғат Рахманберді, Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары:
-Ешқандай шектеу жоқ. Келген ұсыныстардың барлығын қараймыз. Жиырма жылдық та бір тақырып ретінде қабылданады, бірақ ол бүкіл 20 жылдық емес, творчестволық кең өріс бердік барлық қатысам дегендерге. Биыл жоспарымызда 7-ден 10-15 суретке дейін өсіреміз бе деген ойымыз бар. Ол тек күндіз емес, түнде де көрініп тұруы керек. Сондықтан түнгі жарықтандыру мәселесін де шешіп жатырмыз.
( youtube.com//Olympic)
Биік ғимараттардағы алып суреттердің берер әсері мол. Оны жарнама үшін де пайдаланады. Ұлттық рухты көтеру мақсатында қолданғандары бар. Мысалға, 5 құрлықты мекен еткен ұлт өкілдерін 15 метр биіктікке кескіндеген мына мурал 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарының даңқын асырып жіберген болатын.
Мәселе бұл тәсілді кім қалай қолданатындығында. Бізге Рухани жаңғыру құралы ретінде неге пайдаланбасқа деген ой келеді. Батыр бабаларымыздың келбеті бетон қабырғаларда қайта тіріліп, Астана айбынын асырса несі айып?! Десек те, бұл идеяны шығармашыл жандардың қиялына қалдырайық. Қызықты жобаңыз болса, мамырдың 6-сына дейін «Урбан Арт Астана» фестиваліне жолдай аласыз.
-Гүлназ Қабидоллақызы, тілші:
-Астана келбетін көркемдеуге үлес қосқан қала тұрғындары аз емес. Солардың бірі елорданың 20 жылдығына арнап мына орындықты сыйға тартыпты. Байқасаңыз, дизайны ерекше. Айталық, қоқыс төгетін жәшігі ұштағыш стилінде жасалынған, ал орындықтың өздері қарындаштардан құралғандай. Жайғасқан бетті бірден көңіліңіз жадырап сала береді. Бүгінгідей Астананың күңгірт аспанын түрлі-түсті қарындашпен бояғың келіп кетеді.
Былтыр жыл соңында іске қосылған «Атаулы орындықтар» жобасы қоғамнан қолдау тауыпты. Қалаға сыйлық жасағысы келетіндерге таңдау көп. Орындықтың бағасы 150 мыңнан басталады, дизайны да сан алуан. Азаматтардың өзіндік креативті идеясы болса, тіптен тамаша.
Талғат Рахманберді, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:
-Мұндағы басты мақсат – қала тұрғындарының Астана қаласының тарихына өзінің ізін қалдыру. Бұл ұсыныс бүгінгі таңда қарқын алып келеді. Осы уақытқа дейін 10-нан аса орындықтар қойылды. Оның саны да күнде артып келе жатыр. Жаз да келе жатыр. Яғни басты мақсат – әрбір тұрғынның Астана қаласына өзінің сый-құрметін көрсету.
Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ел ордасында 600-ден астам іс-шара өтеді деп күтілуде. Демек, дүбірлі тойда қала көркі тағы түрленеді. Сый-тартуға бөленеді. Көз сүйсініп, көңіл қуанады деген сөз.
Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Ерсін Мұханбеталин