Қазақ поэзиясының ақ шағаласы
Астанада қазақтың аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралар өтіп жатыр. Бүгін ақынның «Менің Фаризам» атты естелік кітабының түсаукесері өтті. Еуразия ұлттық университетінде студенттермен кездесуінде ақынның шығармалары орындалды. Қазақ поэзиясының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева көптеген әннің де сөзін жазған. Соңғы уақытта махаббат жырлары жинақталып, қайта басылып шықты. Түрік тіліне де аударылды. Ақынның 80 жылдық мерейтойы аясында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында «Жұбан» қойылымы сахналанады.
Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын:
- Жастарды көргім келді. Қайда бара жатыр екен, менің балапандарым, менің немерелерім. Поэзиядағы қарлығаш құстай келіп едім, қазір 80-ге келіп ана болып үлкен қалам иесі деп қабылдайтын елімнің құрметіне бөленіп, осындай егемен елдің қызы болғаныма, тағдырыма ризашылығымды білдірем.