28 маусымда «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді
28 маусымда баспасөз, радио және интернет журналистикасына арналған «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. «Үздік сұхбат» , «Үздік репортаж», «Үздік журналисттік зерттеу» секілді 12 номинацияның қатарына биыл «Үздік вайн» және «Астананың 20 жылдығына арналған үздік материал» аталымы арнайы қосылған. Қазір салтанатты марапаттау рәсіміне дайындық қызу.
«Үркер» ұлттық премиясы – баспасөз, радио және интернет журналистика саласындағы үздік жетістігі үшін берілетін сыйлық. Мақсаты – талантты журналистерді іріктеп, үздік мамандарды анықтап, шығармашылық адамдарының елеулі еңбегіне қоғам назарын аудару.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Дәл қазір мына залда «Үркер 2018» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне дайындық жүргізіліп жатыр. Екі күннен соң дәл осы сахнаға үздік журналистер, жүргізушілер – кіл мықтылар көтеріледі.
Дыбыс режиссерлері, хореограф мамандар концерттік шараны ұйымдастыру жағын реттеуде. «Мультимедиялық қойылымдар көптің көңілінен шығуы тиіс», – дейді мамандар.
Николай Подошва-Захаров, концертті ұйымдастырушы:
- Бағдарламаның бар құпиясын ашқымыз келмейді. Концертті ұйымдастыруда заманауи технологияларды қолдануға тырыстық. Олар – көлемді 3D графика мен мультимедия.
Журналистерді марапаттау рәсімінде жанды дауыс басым болады. Тағы бір ерекшелігі танымал жұлдыздармен бірге сахнаға талантты жастар да шығады.
Биыл «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналады. Жеңімпаздарға бір миллион теңге ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсін тапсырылады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Болотбек Табалдиев